![]()
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2026 жылғы 20 наурыздағы №123 бұйрығына сәйкес, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясында айтылды. Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Тілеубердіұлы Қалдыбаев, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі, азаматтық қорғау капитаны Асқар Шәріп, Шымкент қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Сапарғали Елеусұлы Мамытов, Шымкент қаласының балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Мөлдір Тұрсынбекқызы Кеуенова спикер ретінде қатысты.
Қала аумағында суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Олар – Тоғыс су қоймасындағы «Райский пляж» демалыс орны, Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» демалыс орны және Қошқар ата өзенінің бастауы.
Шомылу маусымына дайындық аясында демалыс аймақтарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, судағы қауіпсіздік талаптарына сәйкес демалыс орындарын жабдықтау мәселелері қаралды. Құтқару бөлімшелерінің дайындығы пысықталып, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша оқу-жаттығулар ұйымдастырылды.
Департаменттің жедел-құтқару жасағы 16 құтқарушы, 2 техника және 4 жүзу құралымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Тоғыс су қоймасындағы «Райский пляж» демалыс орнында шомылу маусымы кезеңінде құтқарушылардың мобильді бекеті қойылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Райский пляж» және «Рахат Бадам» демалыс орындарының су түбі тексеріліп, тазалау жұмыстары жүргізілді. Зерттеп-тексеру қорытындылары бойынша тиісті актілер демалыс орындарының иелеріне табысталды.
Сонымекн қатар, Шымкент қаласы әкімінің 2026 жылғы 21 мамырдағы №2266 қаулысына сәйкес, шомылу кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары, патрульдеу кестелері мен бағыттары бекітілді.
Қазіргі таңда шомылуға тыйым салынған 13 қауіпті орын белгіленіп, 267 ескерту тақтайшасы орнатылған. Қауіпті орындардың санын 31-ге дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп тұрақты рейдтер өткізуде. Сәуір айынан бері 137 рейд ұйымдастырылып, 14 200 тұрғын қамтылды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында судағы қауіпсіздік тақырыбында интерактивті және ашық сабақтар, практикалық іс-шаралар мен сынып сағаттары өткізілуді. Жалпы алғанда, мыңнан астам оқушы қауіпсіздік шаралары бойынша оқытылды.
Тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, LED экрандар арқылы арнайы бейнероликтер көрсетілуде. Сондай-ақ, тұрғындардың ұялы телефондарына 112 қызметі арқылы қауіпсіздікке қатысты ескерту хабарламалары жолдануда.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды жүзуге үйрету жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы осы бағытта 11 меморандум жасалып, 1400-ден астам бала қамтылған болатын.
“Су айдындарындағы қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі”, — деген Департамент өкілдері азаматтарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
