Шымкент шаһарында студенттер арасында жаңа Конституция насихатталды

Loading

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде жаңа Конституцияны насихаттауға арналған «дөңгелек үстел» өтті. Қаладағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын университетте бүгінде 22 мыңнан астам студент бар. Сондықтан, мұнда қоғамдық-саяси тақырыптардың жастар арасында кеңінен талқылануының маңызы зор.

Жиынды саясаттану ғылымдарының PhD, «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Базарбекұлы ашып, қатысушыларды Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады. Ата Заңымыз еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын айтып, мұндай өзгерістердің әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Заң ғылымдарының докторы, профессор, «Қылмыстық құқық және қылмыстық процесс» кафедрасының меңгерушісі Айсана Сман жаңа Конституцияның мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жетілдіріп қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыратынын жеткізді.

Профессордың айтуынша, Конституция қабылданған күннен бастап кафедрада білім алатын 2,5 мың студент арасында Конституциялық реформалардың мәні мен мазмұнын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.

Жиын барысында сөз алған өзге де қатысушылар Ата Заңды құрметтеу әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтті.

Жаңа Конституцияны жастар арасында кеңінен насихаттау – құқықтық мемлекет қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігі мен жоғары құқықтық мәдениет Әділетті Қазақстанның басты қағидаты екенін үнемі атап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкенттегі жоғары оқу орындарында өткізілетін мұндай кездесулер студенттердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігін нығайтады. Бүгінде жастардың Конституциялық реформалардың мәнін терең түсінуі – елдегі демократиялық өзгерістердің орнығуына және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан мұндай ағартушылық іс-шаралардың маңызы алдағы уақытта да арта түсетіні сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You