![]()
Шымкент қаласында өткен Құрылтай сайлауында тұрғындар белсенділік танытып, дауыс беру үдерісі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылды. Қала аумағында барлығы 371 сайлау комиссиясы жұмыс істеп, барлық учаскеде азаматтардың өз таңдауын жасауына қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді.
Сайлау қорытындысын ақпарат құралдары өкілдеріне баяндаған Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев дауыс беру барысына тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің тарихында алғаш рет өткен Құрылтай сайлауына қала тұрғындарының қызығушылығы жоғары болған.
– Еліміздің тарихында алғаш рет өткен Құрылтай сайлауында қала тұрғындары белсенділік танытты. Азаматтарға дауыс беру үшін барлық қолайлы жағдай жасалды. Сайлау барысы заң талаптарына сәйкес өтті, – деді Қайырбек Көбекұлы.
Дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау учаскелерінде мыңға жуық байқаушы бақылау жүргізді. Олардың қатарында 17 шетелдік байқаушы болды. Бұл сайлау үдерісіне деген қоғамдық және халықаралық бақылаудың жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.
Сағат 20:00-дегі алдын ала мәлімет бойынша Шымкентте 538 145 азамат дауыс берген. Бұл жалпы сайлаушылар санының 75,42 пайызын құрайды. Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаудың толық қорытындысы кейінірек жарияланады.
Сайлау күні құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік те басты назарда болды. Комиссия төрағасының мәлімдеуінше, дауыс беру барысында заң бұзушылықтар мен тәртіп бұзу жағдайлары тіркелмеген.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша сайлаушылардың жалпы саны 793 491 адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2026 жылғы 15 наурыздағы референдуммен салыстырғанда 2,6 пайызға, яғни 18 346 адамға артқан.
Жалпы, сайлау науқанының ұйымдасқан түрде өтуі азаматтардың өз конституциялық таңдау құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Қала тұрғындарының жоғары белсенділігі қоғамдық-саяси үдерістерге деген қызығушылықтың бар екенін аңғартты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
