![]()
Түркістан қаласында туристерге сапалы сервистік қызмет көрсету және қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында “Smart Shuttle Bus Turkistan” қалалық экскурсиялық маршруты іске қосылды.
Жаңа жобаның жұмысымен алғашқылардың бірі болып Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы танысты. Қала басшысы туристерге арналған заманауи «Red Bus» экскурсиялық автобусына мініп, оның жайлылығы, қауіпсіздігі және қызмет көрсету мүмкіндіктерін арнайы тексерді.
“Smart Shuttle Bus Turkistan” жобасы Түркістанның негізгі туристік және әлеуметтік нысандарын бір маршрутқа біріктіреді. Маршрут әуежайдан басталып, теміржол вокзалы, Жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен-сарай туристік кешені, Қолөнершілер орталығы, Этноауыл, Ескек есу арнасы, Гауһар ана кесенесі және Орталық базар бағыттарын қамтиды.
Жоба аясында туристерге арналған заманауи цифрлық сервистер енгізілген. Атап айтқанда, QR-код арқылы билет сатып алу, 1 және 3 күндік “Turkistan Pass” жүйесі, үш тілдегі аудиогид, “Telegram” және “WhatsApp” чат-боттары, онлайн карта мен GPS мониторинг қызметтері қолжетімді болады. Сонымен қатар жолаушылар автобустың нақты уақыттағы қозғалысын және келу уақытын бақылау мүмкіндігіне ие болады.
Экскурсиялық автобустар Wi-Fi желісімен, кондиционермен және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталған. Қозғалыс аралығы 15–20 минутты құрайды. Автобус күн сайын “Визит центр” автотұрағы мен “Керуен сарай” алдынан сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, «Red Bus» экскурсиялық автобусының сыйымдылығы 65 орынға арналған. Билет құны балалар үшін – 2 000 теңге, ересектер үшін – 3 000 теңге. Баға құрамына трансфер, гид және координатор қызметтері кіреді.
“Түркістанды аралау енді бұрынғыдан да ыңғайлы, заманауи әрі қызығырақ болмақ. Қаламызда алғашқы Red Bus экскурсиялық автобусы іске қосылды. Бүгін арнайы жұмысымен танысып, қызмет көрсету сапасын, жайлылығы мен қауіпсіздігін өзім де көріп шықтым. Бұл – жай ғана автобус емес. Бұл – Түркістанды алғаш көрген әрбір қонаққа қаламызды бір сапарда толық таныстыратын жаңа туристік сервис.
Біздің мақсат – Түркістанға келген әрбір адам тарихи қаламыздың рухын сезініп қана қоймай, көрсетілетін қызмет сапасына да риза болып қайтуы. Түркістан – тарихы терең қала. Ал сол тарихты заманауи сервистермен ұштастыру – бүгінгі күннің талабы. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз”, — дейді Әзімбек Пазылбекұлы.
Әлемдік тәжірибеде экскурсиялық “Red Bus” бағыттары туристік қалалардың басты сервистік элементтерінің бірі саналады. Лондон, Париж, Дубай, Ыстанбұл, Сингапур секілді қалаларда мұндай автобустар туристердің уақытын үнемдеп, тарихи және мәдени нысандарды бір маршрут арқылы аралауға мүмкіндік береді. Қазақстанда да туризмді дамыту аясында цифрлық сервистерді енгізу мен келушілерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналуы үшін халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету мәдениетін қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанда іске қосылған «Red Bus» жобасы – көлік қызметі ғана емес, қаланың туристік өнімін жаңа деңгейге көтеретін заманауи сервис. QR-билет, көптілді аудиогид, цифрлық навигация және бірыңғай туристік маршруттардың енгізілуі саяхатшылар үшін қолайлылықты арттырып қана қоймай, Түркістанның халықаралық туризм талаптарына бейімделіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл бастама туристердің қалада болу уақытын ұзартып, қызмет көрсету саласының дамуына және өңір экономикасының өсіміне оң ықпал ететін маңызды жобалардың бірі болмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
