Түркістан қаласының әкімі Арбат алаңы аумағына әзірленген жобаның сәулеттік тұжырымдамасы мен инфрақұрылымдық шешімдерін қарады

Loading

Түркістан қаласында туристік инфрақұрылымды дамыту және қаланың сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сай жетілдіру бағытындағы – «KÖNE ARBAT» туристік кеңістігі жобасы жүзеге аспақ. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Арбат алаңы аумағына әзірленген жобамен танысып, оның сәулеттік тұжырымдамасы мен инфрақұрылымдық шешімдерін қарады.

Жоба 0,98 гектар аумақты қамтиды. Жалпы ауданы 8307,4 шаршы метр болатын жаңа қоғамдық кеңістік туристер мен қала тұрғындарының жайлы демалысына жағдай жасап, кәсіпкерлікті дамытуға және мәдени туризмнің әлеуетін арттыруға бағытталған.

Жоба аясында Арбат аумағы кеңейтіліп, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Мұнда коммерциялық нысандар мен террасалар салынып, автотұрақтар ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілерге арналған қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырылады. Коммерциялық үй-жайлардың жалпы ауданы – 1090,94 шаршы метр, террасалар – 368 шаршы метр, автотұрақ – 4225 шаршы метр, ал абаттандырылатын аумақ көлемі 2283 шаршы метрді құрайды.

Жаңа туристік аймақта көрме және экспозициялық залдар, кофехана, реставрациялық шеберханалар, ашық қоғамдық алаң, көлеңкелі демалыс орындары мен мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған арнайы кеңістіктер қарастырылған. Бұл нысандар туристерге сапалы сервистік қызмет ұсынып қана қоймай, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жоба авторлары теміржол вокзалы аумағын жаңаша сәулеттік үлгіде қайта ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Жобаға сәйкес, бұл аумақ Түркістанға келген әрбір қонақты қарсы алатын заманауи әрі тартымды қоғамдық кеңістікке айналады. Мұнда субұрқақтар, аллеялар, күту алаңдары мен жасыл белдеулер орналастырылып, сәулеттік шешімдер арқылы тарихи мұра мен заманауи қалалық ортаның үйлесімі көрініс табады.

“Түркістанның болашағы – оның тарихын сақтай отырып, заман талабына сай дамуына байланысты. Сондықтан бүгінде біз тек ғимараттар мен жолдар салып қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы, тартымды әрі мазмұнды қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Қазіргі таңда осындай маңызды бастамалардың бірі – «KÖNE ARBAT» туристік жобасын әзірлеп жатырмыз. Біздің мақсат – адамдар уақыт өткізгісі келетін, қайта оралғысы келетін ерекше қоғамдық кеңістік қалыптастыру. «KÖNE ARBAT» тарихи Түркістанның рухын жоғалтпай, заманауи қалалық мәдениеттің жаңа орталығына айналуы тиіс.

Сонымен қатар, теміржол вокзалы маңын жаңаша сәулеттік шешіммен дамытуды да жоспарлап отырмыз. Өйткені Түркістанға келген әрбір қонақтың қала туралы алғашқы әсері дәл осы жерден басталады. Сондықтан бұл аумақтың сәулеті де, жайлылығы да тарихи шаһардың мәртебесіне сай болуы қажет.

Жалпы Түркістанның әрбір жаңа жобасы – қаланың ертеңіне салынған инвестиция. Біз қаланы тек бүгін үшін емес, келер ұрпақ үшін де жайлы, көрікті әрі бәсекеге қабілетті етіп дамытқымыз келеді”, — дейді шаһар басшысы.

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қарашық өзенінің жағалауында 50 гектар аумақты қамтитын «Түркістан» экобағы пайдалануға берілді. Жаңа демалыс аймағының ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиын аясында «Жаңа Конституция – халықтың құқықтық мәдениеті» атты ауқымды іс-шара өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа экобақтың өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға және құқықтық мәдениетті насихаттауға қосар үлесі зор екенін атап өтті.

Бұл бастама – қоршаған ортаны қорғау, туған жерді көркейту және қоғамның құқықтық санасын нығайту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Мұнан өзге Түркістандағы ең үлкен аквапарк — “Turan Su Saiabagy” құрылысы қарқынды түрде жалғасып жатыр. Компанияның мәлімдеуінше, аквапарк тамыз айының басында келушілерге есігін ашады.

Қазіргі таңда балаларға арналған аттракциондар аймағы мен үлкен трамплиннің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар алып толқын жасайтын цунами бассейнінің құрылысы жүргізілуде.

Демалушылар үшін тағы бір ерекше аймақ — жалқау өзен (Lazy River) салынып жатыр. Мұнда арнайы үрмелі балондарға отырып, су арнасымен жайлы саяхат жасап, тынығып демалуға болады. “Жақын күндері алғашқы 1000 адамға арналған өте тиімді билет ұсынысы жарияланады. Сондықтан жаңалықтарды жіберіп алмаңыздар!”, — дейді жауаптылар.

Сонымен қатар бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы 1 шілде — Халықаралық сәулетшілер күніне орай қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруға және қала құрылысының сапалы дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала мамандарын марапаттады.

Салтанатты жиында сәулет және қала құрылысы саласында жемісті еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген қызметкерлерге қала әкімінің Алғыс хаты табысталды. Әзімбек Пазылбекұлы сәулетшілердің еңбегі – шаһардың бүгінгі бейнесі мен ертеңгі дамуының айқын көрінісі екенін атап өтіп, олардың жауапты қызметіне табыс, шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тіледі.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналдыру үшін қалалардың бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымын дамыту, тарихи мұраны сақтай отырып заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру міндетін тұрақты түрде көтеріп келеді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әрбір өңір туристерді ұзақ уақыт аялдататын сапалы сервистік орта қалыптастыруы қажет екенін атап өткен болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесін де беріп отыр. Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы Қазақстанға 15 миллионнан астам шетелдік азамат келсе, олардың едәуір бөлігі тарихи-мәдени туризмді таңдаған. Ал Түркістан еліміздің ең көп баратын туристік бағыттарының біріне айналып, жыл сайын миллиондаған келушіні қабылдап келеді. «KÖNE ARBAT», «Түркістан» экобағы, жаңа аквапарк пен вокзал маңын қайта жаңғырту сияқты жобалар бір-бірінен бөлек бастамалар емес, тарихи шаһардың туристік экожүйесін кешенді қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның құрамдас бөліктері. Мұндай инвестициялар өңірдің экономикасын әртараптандырып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді, жаңа жұмыс орындарын ашады және Түркістанның Орталық Азиядағы жетекші мәдени-туристік орталық ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға қызмет етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You