![]()
Сауран ауданында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында кездесу өтті.
Кездесуге Сауран ауданы әкімі аппаратының Мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің бас маманы С.Сартбаев қатысып, жастарға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны, пара беру мен пара алудың заң алдындағы жауапкершілігі, сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында жастармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді. Сонымен қатар, заңды білу, өз құқықтары мен міндеттерін түсіну әрбір азамат үшін маңызды екені айтылып, жастар адалдықты өмірлік ұстаным етіп, заң талаптарын сақтауға шақырылды.
Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің және Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысып, жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған ақпараттық жадынамалар таратты.
“Адалдық пен әділдік – өркениетті қоғамның басты құндылықтары. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады”, — дейді жауаптылар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес жазалау шараларымен ғана шектелмеуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтіп, қоғамда адалдық, заң үстемдігі және нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастырудың маңызын ерекше айтты. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды» құрудың басты шарттарының бірі – заңның бәріне бірдей үстем болуы және азаматтардың, әсіресе, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру екенін үнемі назарға алып келеді. Сондықтан құқықтық сауаттылықты көтеруге бағытталған әрбір кездесу мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға басымдық беріліп, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшірілді, ашықтық пен есептілік тетіктері күшейтілді. Сонымен қатар жастар арасында адалдық құндылықтарын дәріптеу, құқықтық білім беру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Сарапшылардың пікірінше, жемқорлыққа қарсы ең тиімді құрал – құқықтық сауаты жоғары, азаматтық ұстанымы берік әрі заң талаптарын құрметтейтін қоғам қалыптастыру.
Сауран ауданында ұйымдастырылған мұндай ашық кездесулер жастардың заң алдындағы жауапкершілігін терең түсінуіне, құқықтық санасының қалыптасуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді. Өйткені жемқорлыққа қарсы иммунитет мектептен, отбасынан және қоғамдық тәрбиеден басталады. Әрбір жас параны қалыпты құбылыс емес, мемлекет дамуына кедергі келтіретін құқық бұзушылық ретінде қабылдағанда ғана қоғамда әділдік қағидаты орнығады.
Адалдық пен жауапкершілік – елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты құндылықтар. Сондықтан жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға бағытталған осындай бастамалар заңға құрметпен қарайтын жаңа буынды қалыптастырып, Президент айқындаған «Заң және Тәртіп» қағидатын қоғамның күнделікті өмірлік ұстанымына айналдыруға қызмет етеді. Бұл – әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет қалыптастырудың ең сенімді жолы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
