![]()
Түркістан қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына байланысты жиын өтті. Басқосуға Түркістан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова төрағалық етті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті талдау бөлімінің басшысы Дінмұхамед Иглікұлы, Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Динара Әбілхасимова, Құрылыс бөлімінің маманы Бекбарыс Бақбергенұлы және Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің маманы Гүлназ Ермаханқызы қатысты.
Кездесуде еңбек шарттарының заңнама талаптарына сәйкес уақтылы рәсімделуі, міндетті зейнетақы жарналарының мерзімінде аударылуы және өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру талаптарының орындалуы талқыланды.
Жиын қорытындысында анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, еңбек қатынастарын заңнама талаптарына толық сәйкестендіру бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әділ еңбек қатынастарын қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтіп, көлеңкелі еңбек қатынастарын азайту, еңбек шарттарын цифрландыру және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін толық қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бүгінде елімізде еңбек шарттарының басым бөлігі Электрондық еңбек шарттары бірыңғай жүйесі арқылы тіркеліп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға басымдық берілуде.
Түркістан облысында да еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты жалғасуда. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан қаласында еңбек заңнамасының сақталуына арналған мұндай кездесулер жұмыс берушілердің құқықтық жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, заңды еңбек қатынастарын қалыптастыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Өйткені еңбек құқығының сақталуы – қызметкердің де, жұмыс берушінің де мүддесін қорғайтын, тұрақты экономикалық дамудың маңызды кепілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
