![]()
Кентау қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін нығайтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қаладағы инженерлік желілерді жаңғырту, абаттандыру жұмыстарын жүргізу және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту – жайлы қалалық орта қалыптастырудың маңызды алғышарттарының бірі.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобына қарасты «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Кентау қаласы электр желілері қызметкерлері инвестициялық бағдарлама негізінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі таңда қаладағы МТП-14, ТП-23, ТП-24, ТП-96, ТП-4, ТП-65, ТП-66, КТПН-78, ТП-74 және КТПН-39 10/6/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияларында кешенді жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылды. Жоба аясында күштік трансформаторлар мен электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсетіліп, тозығы жеткен құрылғылар жаңартылды. Сонымен қатар тарату құрылғылары ретке келтіріліп, қосалқы станциялардың техникалық жай-күйі жақсартылды.
Жаңғырту жұмыстарының барысымен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов арнайы танысты. Жауапты мекеме директоры Бағлан Мырзахметов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, электр желілерін жаңарту кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді. Қала әкімі тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету – коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттырудағы басым міндеттердің бірі екенін атап өтіп, жұмыстардың сапалы орындалуын тапсырды.
Инженерлік желілерді жаңарту электр энергиясының кернеу сапасы мен сенімділігін арттыруға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұтынушыларға үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерлік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне де оң әсерін тигізеді.
Бүгінде қаланың тартымдылығы тек табиғи немесе тарихи ерекшеліктерімен ғана емес, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымының даму деңгейімен де бағаланады. Сенімді электрмен жабдықтау қонақүйлердің, қоғамдық тамақтану орындарының, қызмет көрсету саласының және туристер қабылдайтын нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту – ішкі туризмді дамытуға қажетті маңызды алғышарттардың бірі.
Кентауда жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, оның қолайлы әрі қауіпсіз орта ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Заманауи инфрақұрылым – тұрғындардың әл-ауқатын көтерудің ғана емес, ішкі туризмді дамытуға, инвестиция тартуға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді дамудың берік негізі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
