![]()
Қазіргі таңда мемлекет халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, азаматтардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын көтеруге ерекше назар аударып келеді. Әсіресе, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, жер қатынастары, мемлекеттік қызметтерді алу және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы артып отыр. Өйткені мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі ең алдымен халықтың олар туралы толық әрі дұрыс ақпарат алуына байланысты.
Осы бағыттағы жұмыстар Отырар ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік органдар тұрғындармен ашық байланыс орнатып, ауылдық елді мекендерде көшпелі қабылдаулар мен түсіндіру кездесулерін тұрақты өткізуде. Мұндай шаралар азаматтардың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап қана қоймай, оларды заң аясында шешудің нақты жолдарын көрсетуге мүмкіндік береді.
Осындай маңызды кездесулердің бірі аудан прокуратурасының бастамасымен Темір ауылында ұйымдастырылған «Құқықтық дәріхана» жобасы аясында өтті. Қабылдауға аудан прокуратурасының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау құрылымдарының мамандары және тиісті салалардың жауапты қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік көмек көрсету, жер қатынастары, мемлекеттік қызметтерді алу және өзге де өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойып, заң талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірме алды. Азаматтардың әрбір өтініші жеке қаралып, жауапты мекемелер тарапынан құқықтық кеңестер берілді.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің бірқатары бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынды. Бұл тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын және мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысты нығайтуға басымдық беріп отырғанын көрсетеді.
Бүгінде құқықтық түсіндіру жұмыстары тек заң талаптарын түсіндірумен ғана шектелмейді. Мұндай кездесулер барысында азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері және кәсіпкерлікті қолдау құралдары туралы да кеңінен ақпарат беріледі. Соның нәтижесінде тұрғындар өз құқықтарын қорғаумен қатар, мемлекет ұсынатын қолдау шараларын тиімді пайдалану жолдарын меңгереді.
Әсіресе ауыл тұрғындары үшін мұндай көшпелі қабылдаулардың маңызы зор. Себебі шалғай ауылдардағы азаматтардың аудан орталығына арнайы барып, бірнеше мемлекеттік мекемеге жүгінуіне әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Ал бірнеше саланың мамандары бір жерде қабылдау өткізген кезде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша толыққанды кеңес алып, уақытын үнемдейді. Бұл мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырумен қатар, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Отырар ауданында жүзеге асырылып жатқан осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырумен қатар, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға да оң әсерін тигізіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын түсіндіру, әлеуметтік көмек алу тәртібі, жұмыспен қамту шаралары, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері жөніндегі ақпараттардың тұрғындарға тікелей жеткізілуі көптеген мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы айқындаған халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруды көздейді. Осыған сәйкес тұрғындармен тұрақты диалог орнату, олардың ұсыныстары мен мәселелерін дер кезінде тыңдау және заң аясында шешу – мемлекеттік басқарудың маңызды қағидаларының біріне айналды.
Темір ауылында өткен «Құқықтық дәріхана» жобасы осы қағидаттың нақты көрінісі болды. Мұндай қабылдаулар тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, әлеуметтік қолдау шаралары мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге, азаматтардың еңбек етуіне, кәсіпкерлікпен айналысуына және өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді іске асырылуына өз үлесін қосып келеді.
Алдағы уақытта да Отырар ауданында тұрғындардың құқықтық және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған осындай кездесулердің жалғасуы халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
