![]()
Шымкент қаласының Әділет департаменті атқарушылық іс жүргізу жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл туралы бүгін департамент басшысы Айнұр Исабекова Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде баяндады.
Президент қол қойған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша» заң сот актілерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге, атқарушылық өндірістің ашықтығын арттыруға және сот орындаушылары қызметінің сапасын жетілдіруге бағытталған.
Заң аясында бірқатар жаңа құқықтық тетіктер енгізілді. Атап айтқанда, мерзімі өткен атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын автоматты түрде тоқтату, оңайлатылған атқарушылық іс жүргізудің аясын кеңейту, жеке сот орындаушыларын аттестаттау, сондай-ақ олардың қызметіне бақылау тетіктерін күшейту көзделген. Сонымен қатар сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібі енгізіліп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді.
Қазіргі таңда атқарушылық іс жүргізу саласында цифрлық шешімдер кеңінен қолданылуда. Соның бірі – «Робот-сот орындаушы» жүйесі. Бұл сервис қарапайым өндірістерді автоматты түрде орындап, азаматтардың уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Азаматтар үшін қолайлы цифрлық сервистердің бірі – «Тараптар кабинеті». Аталған сервис арқылы өндіріп алушылар мен борышкерлер атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн бақылап, сот орындаушысына электронды өтініш жолдап, қабылданған шаралар туралы жедел ақпарат ала алады. Бұл атқарушылық өндірістің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар мен сот орындаушылары арасындағы байланысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында атқарушылық іс жүргізу саласында 8 мемлекеттік және 155 жеке сот орындаушы қызмет атқаруда. 2026 жылдың І жартыжылдығында «Робот-сот орындаушы» жүйесі арқылы 15 033 атқарушылық іс аяқталып, 338 миллион теңге өндірілді. Борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде 254 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл шаралар сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
