![]()
Шымкентте жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағыттағы іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың бойында заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік және туған жерге жанашырлық сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Еңбекші ауданының прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Тазалық сақшылары» жобасы бойынша оқу-сауықтыру лагерінде демалып жатқан оқушылармен танымдық-профилактикалық кездесу өткізді. Жиында жасөспірімдерге құқықтық мәдениеттің маңызы түсіндіріліп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және құқық бұзушылықтарға немқұрайлы қарамау қажеттігі айтылды.
Кездесуде тазалық сақтау мәселесіне де ерекше мән берілді. Жастарға қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екені түсіндірілді. Осы ретте тазалыққа жауапты мамандардың еңбегін бағалау, олардың қоғамдық беделін арттыру және адал еңбекке құрметпен қарау қажеттігі атап өтілді.
Ал Әл-Фараби ауданында «STOP-RISK» жобасы аясында прокуратураның бастамасымен «Арбат» саябағында мобильді топтың қатысуымен профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру және түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда жүруіне жол бермеу.
Прокуратура, полиция және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері жасөспірімдер мен ата-аналарға заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылық үшін жауапкершілік жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар интернет-алаяқтық, буллинг, психоактивті заттардың зияны және жазғы демалыс кезіндегі балалар қауіпсіздігі мәселелері қозғалды.
Мұндай профилактикалық кездесулердің маңызы зор. Себебі құқықтық тәрбие мен қауіпсіздік мәдениеті бала кезден қалыптасады. Осыған байланысты прокуратура ата-аналарды балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың жүрген жеріне назар аударуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырады. Қоғамдық тәртіп пен тазалыққа жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз әрі мәдениетті қаланың берік негізі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
