![]()
Шымкент қаласының Абай ауданында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Шәкір Сұлтанхан мәлімдеді.
Абай ауданында бүгінде 27 елді мекен бар. Мұнда 269,2 мың тұрғынға арналған 55 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 350 көпқабатты үй орналасқан. Аудан ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Сонымен қатар Жиделі, Ақжайық және Нұршуақ шағын аудандарындағы жаңа құрылыс аумақтарын газ жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылымды жаңарту бағытында жол сапасын жақсартуға да басымдық берілген. Аудандағы 1274 көшенің 1207-сі асфальтталған, бұл жалпы желінің 95,4 пайызын құрайды. Биыл қалған көшелерді асфальттау жұмыстары жалғасып, қазіргі таңда 19 көшеде жұмыс басталған. Көше жарығы бойынша қамту деңгейі 100 пайызға жетті. Жарықтандыру бағаналарын жаңартуды қажет ететін 13 көшедегі жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Биыл 35 көшеге 44,5 шақырым аяқжол төселіп, 15 әмбебап және 2 ашық спорт алаңы, 5 гүлзар салынуда. Ақжайық шағынауданындағы 18 көпқабатты үйдің аулалары жарықтандырылса, Асар шағынауданындағы 30 үйдің қасбетіне архитектуралық жарық орнатылды.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында бірінші жартыжылдықта 9 ойын алаңы мен 2 гүлзар пайдалануға берілді. Қалған нысандарды қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген.
Ауданның тазалығы мен санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 31 сенбілік ұйымдастырылып, оған 50 мыңға жуық адам қатысты. Тұрғындар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер қатысқан бұл шаралар аумақты абаттандырумен қатар, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға ықпал етіп отыр.
Сонымен бірге көпқабатты үйлерді алдағы жылу маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 162 үйдің 99-ында сығымдау жұмыстары аяқталған.
Жалпы, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыты – базалық инфрақұрылымды нығайтып қана қоймай, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
