![]()
Отырар ауданында су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жұмыстарымен қатар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін жобалар жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Отырар ауданына жұмыс сапары барысында «Қызыл Ту» насос станциясы мен «Д.Алтынбеков» каналындағы жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы су тапшылығының алдын алу, шаруашылықтарды ағын сумен қамтамасыз ету және суару маусымын тұрақты өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Соның ішінде «Д.Алтынбеков» каналының ұзындығы 10,7 шақырым болатын учаскесін бетонмен қаптау және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында бүгінде каналдың 5,5 шақырым бөлігі топырақпен көтеріліп, нығыздалған. 4,5 шақырым бөлігі қайта қазылып, оның 1,4 шақырымында бетондау жұмыстары атқарылуда.
Жөндеу жұмыстарына 15 арнайы техника тартылып, 62 адам еңбек етуде. Оның ішінде 20 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – инфрақұрылымдық жобалардың аудан экономикасына ғана емес, тұрғындардың еңбекпен қамтылуына да ықпал ететінін көрсетеді. Тұрақты жұмыс орындарының ашылуы азаматтарға тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік берсе, су шаруашылығы инфрақұрылымының жаңаруы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жүргізілуіне жағдай жасайды.
Жұмыс сапары барысында министр каналдағы жөндеу және бетондау жұмыстарының сапасы, орындалу қарқыны мен белгіленген мерзімдердің сақталуына қатысты жауапты мамандармен пікір алмасты.
Сонымен қатар «Қызыл Ту» насос станциясының жұмысы да назарға алынды. Ағымдағы жылы ауданға жаңа насос қондырғылары жеткізіліп, оның үшеуі аталған станцияға орнатылды. Соның нәтижесінде «Д.Алтынбеков» каналына қосымша 2,5 текше метр/секунд ағын су беріліп, Қоғам және Қарғалы ауылдық округтеріндегі агроқұрылымдарды сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артты.
Осылайша, су шаруашылығы саласындағы жобалар Отырардағы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға да өз үлесін қосып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
