Түркістанда 143 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Loading

Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын жаңарту және көшелердің жағдайын жақсарту бағытында биыл 143 көшеде жалпы ұзындығы 110,7 шақырым болатын жолдарға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Қазіргі таңда жұмыстардың негізгі бөлігі Шауғар, Бірлік және Сауран бөліктерінде атқарылуда.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жол жөндеу және сарқынды су жүйелерін жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың басшыларымен көшпелі кездесу өткізіп, жұмыс барысын пысықтады.

Көшпелі жиында жолдардың сапасы, құрылыс жұмыстарының қарқыны және инженерлік желілерді жүргізу мәселелері қаралды.

Қала әкімі мердігерлерге жұмыстарды белгіленген талаптарға сай сапалы орындауды, инженерлік желілерді жүргізу кезінде жаңадан жөнделген жолдардың қайта бұзылуына жол бермеуді тапсырды.

Сондай-ақ, күзгі жауын-шашын кезеңіне дейін жұмыстарды сапалы аяқтап, жолдардың беріктігі мен тұрғындарға қолайлы жағдайды қамтамасыз етуді қатаң ескертті.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, Яссы секторына қарасты Манкент көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар жол инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған. Көшенің зақымданған және бұзылған учаскелерінде жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Жоспарға сәйкес, жол жабыны арнайы техника көмегімен тазартылып, белгіленген технологиялық талаптарға сай асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістанда жазғы маусым аяқталып, көгалдандыру жұмыстары күзгі кезеңге көшуде. Коммуналдық қызметтер мен мамандандырылған мердігер ұйымдар қаланың эстетикалық көрінісін сақтау мақсатында ауқымды шараларды қолға алды.

Күн райының салқындауына байланысты уақыты өтіп, қурап қалған жазғы гүлдер мен біржылдық өсімдіктер толығымен алынып тасталуда. Бұл топырақтың тазалығын сақтап, зиянкестердің көбеюіне жол бермеу үшін жасалады.

Жазғы маусымның орнына суыққа төзімді, күзгі ауа райына бейімделген гүл түрлері отырғызылуда. Бұл жұмыстар қала тұрғындары мен қонақтарына жылдың кез келген уақытында таза, әрі көрікті орта қалыптастыруға бағытталған.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You