Шымкент қаласының әкімі шаһардың туристік әлеуетті арттыратын жаңа эко-демалыс кешенінің таныстырылымына қатысты 

Loading

Шымкентте туризм саласын дамытуға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Бадам су қоймасының жағалауында орналасқан «O’MIR Shymkent» эко-демалыс кешенінің алғашқы кезеңі техникалық тұрғыда пайдалануға берілді. Нысанның таныстырылымына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Ауқымды инвестициялық жоба Еңбекші ауданындағы Маятас тұрғын алабында 74 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Жобаға шамамен 9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Негізгі мақсат – экологиялық туризмді дамыту, заманауи рекреациялық инфрақұрылым қалыптастыру және Бадам су қоймасының туристік әлеуетін тиімді пайдалану.

Кешен құрылысы өткен жылы басталған. Жоба тұжырымдамасы бұған дейін қала әкіміне таныстырылып, мегаполис басшысы бастаманы қолдаған болатын. Қала әкімі мұндай жобалардың Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін беретінін атап өткен.

Алғашқы кезеңде табиғи ортада жайлы демалуға арналған 10 глэмпинг пен 10 капсулалы үй іске қосылды. Жобаның толық қуатына шыққан кезде мұнда 48 глэмпинг, 18 капсулалық және 24 модульдік үй, ASPAN мейрамханасы, Сақ моншасы, спорт алаңы мен амфитеатр орналасады. Сонымен қатар ат спорты мен шарап өндіруге арналған арнайы аймақтар қарастырылған.

«O’MIR Shymkent» келушілерге табиғат аясындағы тынығуды заманауи сервиспен ұштастыратын жаңа демалыс форматын ұсынады. Жобаның жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашып, қосымша инвестициялар тартуға және қаладағы туристік инфрақұрылымды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл бастама Бадам су қоймасын жаңа туристік бағыттардың біріне айналдырып, Шымкенттің рекреациялық мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You