Түркістанда құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық берілді

Loading

Түркістан қаласында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Қала әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысын қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өткізді. Жиынға қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев, полиция басқармасының басшысы Жасұлан Нысанбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері мен жауапты сала өкілдері қатысты.

Отырыста 2026 жылдың алғашқы алты айындағы криминогендік ахуал талданып, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі қаралды. Қала прокурорының орынбасары Нұркен Ағабековтің мәліметінше, тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,7 пайызға төмендеген. Сонымен қатар Түркістан қаласы полиция басқармасының профилактикалық бағыттағы жұмыстарының нәтижелері тыңдалды.

Қылмыс деңгейінің төмендеуі оң динамика болғанымен, жекелеген бағыттарда профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, қоғамдық орындарда және мас күйінде жасалатын қылмыстардың сақталуы жауапты органдардың жүйелі әрі нәтижелі жұмысын талап етеді.

Қала әкімі бұл мәселеде тек статистикалық көрсеткіштерге сүйеніп қалуға болмайтынын айтты.

– Құқық бұзушылықпен күресте ең маңыздысы – болған оқиғаға баға беру емес, оның қайталануына жол бермеу. Қылмыстың жалпы саны азайды деген көрсеткішке сүйеніп, арқаны кеңге салуға болмайды. Әрбір құқық бұзушылықтың артында адам тағдыры мен бір отбасының қауіпсіздігі тұр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыста формальді есеп емес, нақты нәтиже маңызды, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Жиында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы да сараланды. Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмысты қайта қарау, мектеп психологтарының жұмыс тиімділігін арттыру, түнгі рейдтерді жүйелі ұйымдастыру, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және ақпараттық-түсіндіру шараларын жаңа тәсілдермен жүргізу бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Бұл бағытта мектеп, ата-ана, құқық қорғау органдары және тиісті мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара байланысты күшейту маңызды.

Жалпы, комиссия отырысында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары бір ғана құқық қорғау органының міндеті емес екені тағы бір мәрте атап өтілді. Қала әкімі жауапты мекемелердің өзара үйлесімді әрекеті қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарты екенін айтты.

– Құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, барлық мемлекеттік мекемелердің ортақ жауапкершілігі. Барлық жауапты орган бірлесіп, нақты нәтижеге бағытталған жұмысты қамтамасыз еткенде ғана тұрғындардың сенімін ақтап, қаладағы қоғамдық тәртіпті одан әрі нығайта аламыз, – деді қала әкімі.

“Осыған байланысты алдағы кезеңде профилактикалық шаралардың нәтижелілігін арттыру, проблемалық бағыттарды тұрақты бақылауда ұстау және құқық бұзушылықтың себептері мен оған ықпал ететін факторларды ерте кезеңнен анықтау жұмыстары жалғаса береді”, — дейді жауаптылар.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You