Түркістанда құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Loading

Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінде Құрылысшылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, құрылыс саласының ардагерлері мен мамандары, жас құрылысшылар қатысты.

Мерекелік іс-шара аясында құрылыс индустриясындағы заманауи жетістіктер таныстырылды. Арнайы көрмеде құрылысқа қажетті техника мен құрал-жабдықтар, заманауи материалдар және арнайы аппараттар көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі сала ардагерлерімен бірге көрмені аралап, ұсынылған жаңа технологиялар мен жабдықтардың мүмкіндіктерімен танысты.

Салтанатты жиында облыс әкімі құрылыс саласының мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастырып, әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын салуда құрылысшылардың еңбегі айрықша екенін атап өтті.

Жиын барысында кәсіби білімі мен еңбегі арқылы саланың дамуына үлес қосқан бірқатар маман марапатталды. Солардың қатарында Түркістан қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Мұхит Көшенов те бар. Оған құрылыс және сәулет саласының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті Сәулетші» төсбелгісі табысталды. Марапатты облыс әкімі Нұралхан Көшеров тапсырды.

Сонымен қатар облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов құрылыс саласында еңбегімен танылған бірқатар маманды арнайы марапаттармен атап өтті.

Кәсіби мерекеде сала ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Ұзақ жылдар бойы құрылыс саласында еңбек етіп, мол тәжірибесімен кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп жүрген мамандардың еңбегі жастарға үлгі ретінде дәріптелді.

Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – аға буын мен жас мамандар арасындағы кәсіби сабақтастықты айшықтаған рәсім болды. Құрылыс саласының ардагерлері жас құрылысшыларға «Құрылыс кодексін» табыстады. Бұл – салада жинақталған тәжірибені кейінгі буынға жеткізуге, кәсіби жауапкершілік пен сапа талаптарын нығайтуға бағытталған тағылымды бастама.

Бүгінде Түркістанның қарқынды дамуы құрылыс саласының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осы үдерісте тәжірибелі мамандардың еңбегі мен жас құрылысшылардың білімі мен жаңашылдығын ұштастыру қаланың сәулеттік келбетін жетілдіруге және құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You