![]()
Түркістан қаласында алғаш рет жастар арасындағы хоккейден «QAZAQSTAN KUBOGY» турнирінің топтық кезеңі өтіп жатыр. Елдің әр өңірінен жиналған жас хоккейшілер Қазақстан кубогының жүлдесі үшін мұз айдынында бақ сынауда.
Биылғы додаға еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысып, үш топқа бөлінген. Кубоктың топтық кезеңдегі ойындары Павлодар, Теміртау және Түркістан қалаларында ұйымдастырылуда. Түркістан шаһары жарыстың «С» тобындағы командаларды қабылдады. Бұл топта Өскеменнің «Торпедо», Петропавлдың «Құлагер», «Алматы» және алаң иелері – «Turan Tigers» командалары өнер көрсетуде. Түркістандағы алғашқы ойын «Торпедо» мен «Құлагер» арасындағы кездесуден басталды. Ал кешкі сағат 19:00-де жергілікті жанкүйерлер алаң иелері «Turan Tigers» пен «Алматы» командасының тартысты ойынына куә болды.
Маңызды кездесуді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те тамашалап, жас спортшыларға қолдау білдірді. Түркістандық команда үшін өз алаңындағы бұл ойын ерекше маңызға ие болды. Себебі «Turan Tigers» елдегі жастар арасындағы беделді хоккей додаларының бірінде өз қаласының намысын қорғап, кубок жолындағы алғашқы қадамын жасады.
Жарыстың Түркістандағы кезеңі «Мұз сарайында» жалғасады. 28 тамызда «Turan Tigers» Өскеменнің «Торпедосымен» кездессе, 30 тамызда топтағы соңғы ойынын Петропавлдың «Құлагеріне» қарсы өткізеді.
Турнир қорытындысы бойынша үздік командалар шешуші кезеңге жолдама алады. Ал жартылай финал мен финалдық кездесулер 2-3 қыркүйекте Теміртау қаласында өтеді.
Түркістанда жастар арасындағы Қазақстан кубогы ойындарының өткізілуі қаладағы хоккей спортының дамуына жаңа серпін беріп, жас спортшыларға республикалық деңгейдегі бәсекеде тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге бұл дода өңірдегі қысқы спорт түрлеріне қызығушылықты арттырып, жас буын арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етпек.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
