![]()
Сауран ауданындағы шалғай елді мекендерді сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында жаңа жобалар қолға алынуда. Соның бірі – Майдантал ауылдық округіне қарасты Егізқара елді мекенінде күн энергиясын пайдалану арқылы электр қуатын өндіру жобасы.
Жоба Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылмақ. Басты мақсат – елді мекен тұрғындарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерінің мүмкіндігін тиімді пайдалану.
Осыған байланысты Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров “China Energy” компаниясының өкілдерімен кездесіп, жобаны іске асырудың негізгі бағыттарын талқылады. Кездесу барысында күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін панельдерді орналастырудың техникалық мүмкіндіктері, қажетті электр инфрақұрылымын қалыптастыру және жұмысты белгіленген талаптарға сай ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жоспар бойынша Егізқара елді мекенінде күн энергиясын өндіретін арнайы панельдер орнатылады. Олардың көмегімен өндірілген электр қуатын тұрғындарға жеткізу үшін елді мекен аумағында ұзындығы 2,7 шақырым болатын электр желісі тартылады.
Бұл – шалғай орналасқан елді мекен үшін маңызды инфрақұрылымдық шешім. Электр қуатының тұрақтылығы ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысына, әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмысына және елді мекеннің жалпы даму мүмкіндігіне әсер етеді. Сондықтан Егізқараны электр энергиясымен қамту мәселесін жаңғыртылатын энергия көзі арқылы шешу – уақыт талабына сай қолға алынған бастама.
Күн энергиясын пайдалану қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, жоба шалғай елді мекеннің нақты мәселесін шешумен қатар, баламалы энергия көздерін дамытуға да жол ашады.
Кездесуде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол жобаны жүзеге асыру барысында техникалық талаптардың қатаң сақталуына, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапалы орындалуына және белгіленген мерзімдердің бұзылмауына баса назар аудару қажеттігін жеткізді.
Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Егізқара тұрғындары үшін электрмен жабдықтаудың жаңа мүмкіндігі қалыптасады. Бұл ретте заманауи технология мен табиғи энергия көзін ұштастыру ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болмақ.
Шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесін шешуде дәстүрлі тәсілдермен қатар, жаңа технологияларды енгізудің маңызы артып келеді. Егізқарадағы күн энергетикасы жобасы да осындай заманауи шешімдердің бірі ретінде елді мекеннің тұрақты дамуына қызмет етпек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
