Созақ ауданында жылу және ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары — жергілікті биліктің бақылауда

Loading

Созақ ауданында алдағы жылыту маусымына дайындықпен қатар, елді мекендерді сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кенті мен Абай елді мекеніндегі инженерлік желілерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Аудан басшысы Таукент кентіндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарын аралап, ағымдағы жөндеу және техникалық жаңғырту жұмыстарының орындалу барысымен танысты. «Шолаққорған-су» КММ-не қарасты жылу қазандықтарында негізгі қондырғыларды жаңарту және техникалық жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, Таукенттегі қазандықта бір КВГМ-10-150 су қыздырғыш қазандығы мен бір ДЕ-10/14 бу қазандығы, сондай-ақ насостар мен бекіткіш арматуралар ауыстырылуда. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – қазандықтардың техникалық жағдайын жақсартып, алдағы қысқы кезеңде жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Мұхит Тұрысбеков жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар қазандықтардың техникалық жағдайын жан-жақты тексеріп, анықталған ақаулар мен кемшіліктерді жылыту маусымы басталғанға дейін толық жою қажеттігін атап өтті.

Жылу жүйесін жаңарту жұмыстары Қыземшек кентінде де жалғасуда. Биыл мұнда 2,2 шақырым жылу құбыры ауыстырылып, ұзындығы 3,3 шақырым болатын желінің жылу оқшаулағышы жаңартылуда. Бұған қоса, насостар мен бекіткіш арматуралар ауыстырылған. Атқарылып жатқан жұмыстар орталықтандырылған жылу жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған.

Аудан әкімі одан әрі Абай елді мекеніне барып, ауыз су жүйелеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Мұнда инженерлік желілердің техникалық жай-күйі, жұмыстардың орындалу сапасы және тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Аудан басшысы жауапты сала мамандарына инженерлік инфрақұрылым нысандарының жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. Өйткені жылу мен ауыз су жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі — тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You