Созақ ауданында асфальтталған ішкі жолдардың үлесі 88 пайызға жетті

Loading

Созақ ауданында елді мекендердің ішкі жолдарын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы екі жылда асфальт жабындысы төселген ішкі жолдардың үлесі 66 пайыздан 88 пайызға дейін өсіп, ауданның жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі айқындала түсті.

Биыл бұл бағыттағы жұмыстар Абай елді мекенінде де жалғасуда. Қазіргі таңда мұнда жалпы ұзындығы 1,880 шақырымды құрайтын төрт ішкі көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталған жағдайда, Абай елді мекеніндегі ішкі көшелердің барлығы асфальт жолмен қамтылады.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Абай елді мекеніне барып, жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы асфальт жабындысының сапасына және жұмыстардың белгіленген талаптарға сай орындалуына назар аударып, жауапты сала басшыларына жол сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Айта кетейік, 2026 жылы Созақ ауданында жалпы ұзындығы 39,5 шақырым болатын 55 елді мекенішілік көшеге жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 31,7 шақырымды құрайтын 39 көшеге асфальт жабындысы төселеді. Бұл жұмыстар Шолаққорған, Созақ, Таукент, Жуантөбе, Тасты, Шу және Қаратау ауылдық округтерін қамтиды.

Сонымен қатар Қарақұр, Шаға, Ақсүмбе, Тайқоңыр, Қыземшек және Тасты ауылдық округтеріндегі 16 көшеге жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Жол сапасын арттыру – елді мекендердің тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, экономикалық және әлеуметтік дамуға тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жол инфрақұрылымын жаңғыртуды ел дамуының маңызды міндеттерінің бірі ретінде атап, жол салу және жөндеу бойынша кемінде 12 мың шақырымды қамтитын ауқымды жұмыстар жүргізуді тапсырған болатын. Президенттің айтуынша, автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры, сондықтан сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуға тиіс. Осы міндеттер аясында Созақ ауданындағы ішкі көшелерді кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары да тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You