![]()
Созақ ауданына қарасты Жуантөбе ауылында тұрғындар игілігіне бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауыл жастарына жаңа мүмкіндік беретін заманауи спорт кешені. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталып, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауылға арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков спорт кешенінің құрылыс барысымен танысып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды сапалы әрі талапқа сай пайдалануға беруді тапсырды.
Жаңа спорт кешені Жуантөбе ауылының 2025 жылғы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында жүлделі ІІІ орын иеленуіне байланысты ұсынылып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен бірге жобаға аудандық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылған. Батырбек Достайұлы көшесінде орналасқан нысанның құрылысы 2026 жылдың мамыр айында басталған. Оны қыркүйек айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Заманауи кешенде күрес және бокс залдары, арнайы жаттығу залы, медициналық кабинет, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, жуыну және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Нысанның іске қосылуы ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жаңа серпін береді.
Жуантөбедегі өзгеріс спорт нысанымен ғана шектелмейді. Ауылдың сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру бағытында да жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі ауылдың ішкі көшелерін аралап, жаңадан төселген асфальт жабындысының сапасын көрді. Биыл Абылай хан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауылдың орталық саябағында қазақ тарихындағы әйгілі үш би – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің монументі орнатылып, елді мекеннің ажарына ажар қосты. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Батыр аналар, тыл ардагерлері мен ауылдан шыққан еңбек ардагерлерінің есімдері жазылған құрмет тақтасы бой көтерді. Құрмет тақтасы орналасқан аумақ абаттандырылып, жарықшамдар орнатылды. Мұнда тұрғындардың тынығуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ауылдағы саябақтар кезең-кезеңімен жаңғыртылып, қоғамдық кеңістіктердің инфрақұрылымы жақсартылуда. Жуантөбедегі бұл жұмыстар ауылдың әлеуметтік және қоғамдық ортасын жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бір жағынан, жастарға спортпен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа нысан бой көтерсе, екінші жағынан, саябақтар мен қоғамдық орындар жаңарып, елді мекеннің көркі ажарлана түсуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
