![]()
Отырар ауданына қарасты Аққұм ауылында жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен салынған заманауи жаңа саябақ пайдалануға берілді. Туған өлкедегі еңбексүйгіштік пен елді мекенді абаттандыруды ту еткен игі шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл, ауыл ақсақалдары, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы ауылдың көркеюіне айрықша үлес қосқан демеуші Нұржан Нұрілдаұлына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ туған жерге жанашырлық танытқан кәсіпкер мен оның зайыбы Бақытжамал Шарапханқызына дәстүрге сай зерлі шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Шарада Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ашықбай Дүйсен, ауыл имамы Құттыбек Балқыбек және ауыл тұрғыны Тәңірберген Асанғали акцияның әлеуметтік маңызына тоқталып, ақ баталарын берді. Мұнан соң ауыл биі Құтышбек Есенқараев бастаған ел ағалары жаңа саябақтың лентасын қиды.
Жаңа демалыс орны ауыл тұрғындары мен жастардың бос уақытын тиімді, әрі жайлы өткізуіне толықтай бейімделген. Саябақ аумағында заманауи орындықтар, жарықтандыру жүйесі мен әсем субұрқақ орнатылып, толық абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Ауыл тұрғындары туған жерін көркейтуге шынайы жанашырлық білдіріп, еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсеткен меценат Нұржан Нұрілдаұлына арнайы ат мінгізіп, халықтық ризашылықтарын білдірді. Елді мекендердің инфрақұрылымын дамытып, туған өлкеге тағзым ету – еңбекті дәріптеудің және өзге де азаматтарға үлгі боларлық отансүйгіштіктің айқын көрінісі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
