Кентауда «Рухани керуен» жобасы аясында тағылымды кездесу ұйымдастырылды

Loading

Кентау қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» жобасы аясында тағылымды кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық және дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, жастардың бойында адамгершілік пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Кездесуді Кентау қалалық Руханият орталығының директоры Әділбек Қайырбеков жүргізді. Жиынды қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы ашып, қоғам өміріндегі рухани тәрбиенің маңызына тоқталды.

Басқосуға Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, жайдарманшы әрі блогер Хамит Ердехан, блогер Бақдәулет Жаманқұлов және Jake Tau лақап атымен танымал блогер Жақсыбек Қабылбай қатысты. Олар ұлттық тәрбие, дәстүр сабақтастығы, діни сауаттылық және жастардың қоғамдағы орны туралы ойларын ортаға салды.

Кездесу барысында жас ұрпақтың бойында рухани иммунитет қалыптастыру, ұлттық болмысты сақтау, дәстүрлі құндылықтарды заман талабына сай насихаттау мәселелері кеңінен қозғалды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сауалдарын қойып, мамандардан тұшымды жауап алды.

Іс-шара бағдарламасы аясында «Қаралы күннің қаһарманы» атты деректі фильм көрсетілді. Тарихи оқиғалар мен адамдық құндылықтарды арқау еткен туынды көрермендерге ой салып, елдік пен ерліктің, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Мұндай мәдени-танымдық кездесулер ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытуға бағытталған. Рухани сабақтастықты сақтау, ізгілік пен татулықты дәріптеу – қоғамның тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың санасына ұлттық кодты сіңіру, салт-дәстүр мен ата-баба мұрасын дәріптеу – қоғам алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Түркістан өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Рухани керуен» жобасы ел ішіндегі бірлік пен рухани тұтастықты нығайтуға зор үлес қосуда.

Түркістан облысы Дін істері басқармасы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен қолға алынған бұл тағылымды жоба аудандар мен қалаларды, шалғайдағы елді мекендерді қамтып, тұрғындармен емен-жарқын жүздесу алаңына айналды. Керуеннің басты ерекшелігі – ресми баяндамалар шеңберінен шығып, халықпен ашық сұхбат құруында.

Кездесулер барысында елге белгілі теолог-ғалымдар, ақпараттық-түсіндіру тобының білікті мүшелері, айтыскер ақындар мен өнер майталмандары, сондай-ақ жастардың сүйікті блогерлері мен жайдарманшылар бір арнада тоғысып, өскелең ұрпаққа өмірлік бағыт-бағдар беруде. Жиындарда Мемлекет басшысы айқындап берген «Адал азамат», «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары мен «Заң мен тәртіп» қағидаттарының мән-маңызы қарапайым әрі түсінікті тілмен насихатталады.

Бүгінде ақпараттық ағындардың толассыз тасқынында жастардың дұрыс жол таңдауы аса маңызды. Сондықтан «Рухани керуен» мүшелері әлеуметтік желідегі күмәнді ақпараттардан сақтану, ақпараттық гигиенаны сақтау және сыни ойлау қабілетін дамыту мәселелеріне айрықша назар аударады. Сонымен қатар, теріс діни ағымдардың алдын алу, дәстүрлі рухани құндылықтар мен зайырлы қоғам қағидаттарын ұштастыру, отбасы институтын нығайту және үлкенге құрмет көрсету сынды өзекті тақырыптар кеңінен қозғалады.

Тағылымды бейнероликтер көрсетіліп, сұрақ-жауап форматында өрбитін мұндай басқосулар жастардың көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап алуына мүмкіндік туғызуда. Бұл – аға буынның өнегесі мен жастардың жаңашыл көзқарасын байланыстыратын алтын көпір іспетті.

Түйіндей айтқанда, «Рухани керуен» жобасы – жастардың бойына отансүйгіштік, адалдық және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін ұялататын маңызды бастама. Ұлттық тәрбие мен руханият салтанат құрған жерде елдің болашағы да жарқын болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You