Отырарлық кәсіпкер ауласында балық шаруашылығын дамытып отыр

Loading

Отырар ауданында ауыл тұрғындары кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын игеріп, өз еңбегі арқылы табыс көзін қалыптастыруда. Соның бірі – М.Шойманов елді мекенінің тұрғыны Азамат Арапбайұлы. Жас кәсіпкер өз ауласында шағын балық шаруашылығын қолға алып, сазан мен маринка өсіруде.

Кәсіпкер үйінің аумағынан арнайы бассейн жасап, балықтарды шабақ кезінен күтіп-баптаған. Қазір оның шағын тұқымбағында 4 мыңнан астам ірілі-ұсақты балық бар. Балықтарды уақытылы жемдеп, су деңгейін тұрақты бақылау арқылы шаруашылықты біртіндеп дамытып келеді.

– Қолдан балық өсіру оңай шаруа емес. Балықты дер кезінде жемдеп, судың деңгейін қадағалап отыру қажет. Балық өсіруді осыдан үш жыл бұрын бастаған едім. Үй шаруасында күтіп-баптағандықтан, балықтардың салмағы да жақсы. Алдағы уақытта оларды сатылымға шығаруды көздеп отырмын. Кейін бос бассейндерге жаңа шабақ алып, өсіруді жалғастырамын, – дейді кәсіпкер.

Ауыл жағдайында шағын кәсіпті өз мүмкіндігіне қарай бастап, оны кезең-кезеңімен дамыту – тұрғындардың тұрақты табыс көзін қалыптастырудың бір жолы. Азамат Арапбайұлының балық шаруашылығын дамытуға деген талпынысы да ауылдағы кәсіпкерлік әлеуеттің артып келе жатқанын көрсетеді.

Алдағы уақытта өнімін нарыққа шығарып, шаруашылығын кеңейтуді жоспарлаған кәсіпкер өз кәсібін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You