Кәсіби шеберлікті кәсіпке айналдырған отырарлық

Loading

Отырар ауданында ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, көне жәдігерлерді қалпына келтіру ісін кәсіби шеберлікке айналдырып жүрген азаматтар бар. Солардың бірі – Шәуілдір ауылының тұрғыны Жанұзақ Ерімбетов. Ол көне кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіріп, қағаз реставрациялау ісімен айналысады.

Жанұзақ Ерімбетов бұл кәсіптің қыр-сырын Иранда үйреніп, кейін Алматыдағы Ұлттық кітапханада тәжірибесін шыңдаған. Сонымен қатар Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейінде этнографиялық жәдігерлерді қайта қалпына келтіру бойынша дәріс алып, кәсіби біліктілігін арттырған.

Елге оралған соң алған білімін тәжірибемен ұштастырып, көне кітаптарды қалпына келтіру ісін қолға алған. Ол жыртылған, қырқылған парақтарды қалпына келтіріп, түгендейді. Ұстағанда үгітілетін ескі беттерді де арнайы аппаратсыз қалпына келтірудің тәсілдерін меңгерген.

Реставратор бос уақытында керамикалық жәдігерлердің үлгісімен қыштан түрлі кәдесыйлар әзірлейді. Құмыра, сазсырнай секілді бұйымдарды жасап, сатылымға шығарады. Ұлттық нақыштағы ерекше дүниелерге тапсырыс берушілер де бар.

Осылайша Жанұзақ Ерімбетов шетелде меңгерген кәсіби білімін елдегі тәжірибесімен ұштастырып, оны нақты іске айналдырып отыр. Оның жолы белгілі бір кәсіпті игеруде білім алып қана қоймай, шеберлікті үздіксіз жетілдірудің маңызын көрсетеді.

– Жалпы, ел ішінде көптеген құнды кітап бар. Олар біреудің сандығында, біреудің сарайында сақтаулы тұр. Соларды музей қорына өткізуге шақырамын. Себебі кітаптар қараусыз жатқан соң, парақтары ұстауға жарамсыз болып қалады. Ал оның ішінде еліміздің, ұлтымыздың терең тарихы жатқан болуы мүмкін, – дейді реставратор.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You