Отырар ауданында ұлттық сусын өндірісі тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруда

Loading

Отырар ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, дайын өнім шығаруға бағытталған кәсіпкерлік бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қымыран мен шұбат өндіретін «Гүлмайра» шаруа қожалығы. Мұнда ұлттық сусын өндірісі жолға қойылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.

Шаруашылық базасында «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған шұбат өндіру цехы заманауи талаптарға сай жұмыс істейді. Қазіргі таңда өндіріс орнында 16 адам тұрақты еңбек етеді.

Кәсіпорын тәулігіне 2 тоннаға дейін шұбат өндіреді. Табиғи әрі сапалы өнім тұтынушылар сұранысына ие болып, «Отырар шұбаты» брендімен танылып келеді. Өнім аудан көлемінде ғана емес, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Ақмола облыстарына да жеткізіледі.

Ауылдағы өндірістің дамуы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және жергілікті өнім көлемінің ұлғаюына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, «Гүлмайра» шаруа қожалығының жұмысы ауыл экономикасын жандандырып, еңбек етуге нақты мүмкіндік қалыптастырып отыр.

Алдағы кезеңде өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейту және «Отырар шұбаты» брендіне деген сұранысты кеңейту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өндіріс қуатын арттырумен қатар, тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін де кеңейтуге жол ашпақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You