Отырар ауданы: Бал ара шаруашылығымен келген береке

Loading

Отырар ауданында кәсібін еңбегімен өрістетіп, табысын арттырып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – М.Шойманов ауылының тұрғыны Махсұт Арапбаев. Жасынан еңбекке бейім болған ел ағасы бал ара шаруашылығын кәсіпке айналдырып, отбасылық істі ұрпағына да үйретіп келеді.

62 жастағы Махсұт Арапбаев П.Айтменов атындағы мектепте кіші қызметкер болып еңбек етеді. Негізгі жұмысымен қатар, өз ауласында омарта ұстап, бал өндіреді. Еңбекке деген құлшынысын балаларына да үлгі еткен омарташы бүгінде ұлдарының әке кәсібін меңгеріп, бал өнімін сатып, табыс тауып отырғанын айтады.

Омарта шаруашылығы ұқыптылық пен тұрақты күтімді талап етеді. Кәсіп иесінің айтуынша, ара ұстауда тазалыққа ерекше мән беру қажет. Әр ұяны мұқият күтіп, уақытылы тазалап отырған жағдайда ғана сапалы өнім алуға болады.

– Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады, – дейді омарташы.

Махсұт Арапбаев бір ұяшықтан жылына 40-50 келіге дейін бал өндіреді. Өнімге сұраныстың жоғары болуы да кәсіптің табысты болуына мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда бір келі балдың нарықтағы бағасы — 2,5-3 мың теңге шамасында.

Еңбекпен кәсібін дамытып, балаларын да осы іске баулыған омарташы алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтуді мақсат етіп отыр. Оның тәжірибесі табысқа бастайтын кәсіптің негізінде ең алдымен тынымсыз еңбек, жауапкершілік пен кәсіби дағды жататынын көрсетеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You