![]()
Қазақстан халқы тілдері күніне орай Кентау қаласында «Қазақ тілі – тәуелсіз елдің тұғыры» атты мерекелік іс-шара өтті. Тілдің ұлт руханияты мен ел бірлігіндегі маңызын кеңінен насихаттаған басқосуда мемлекеттік тілдің мәртебесі мен көптілді ортаны дамыту мәселелері кеңінен көрініс тапты.
Мерекелік шара барысында тілдің қадір-қасиетін дәріптейтін мазмұнды көріністер қойылып, заманауи технологиялардың мүмкіндіктері пайдаланылған арнайы көрсетілімдер ұсынылды. Жасанды интеллект көмегімен әзірленген шығармашылық жұмыстар да көрермен назарына ұсынылып, тіл мен жаңа технологияның сабақтастығы көрсетілді.
Іс-шара барысында Кентау қаласындағы Тілдерді оқыту және дамыту орталығының жұмысы таныстырылды. Орталықтың мемлекеттік тілді меңгерту, тіл мәдениетін қалыптастыру және көптілді ортаны дамыту бағытындағы жобалары туралы ақпарат берілді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, тіл саясатын жүзеге асыруға және ана тілінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар Кентау қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Тіл – халықтың тарихи жадын, мәдениеті мен рухани сабақтастығын сақтайтын басты құндылық. Оны дәріптеуге бағытталған мұндай мәдени іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға құрметін арттыруға ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
