![]()
Кентау қаласының қалыптасуы мен өндірістік әлеуетінің артуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және өндіріс қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерінің, I, II, III дәрежелі «Кенші Даңқы» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті кеншісі, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Кентау қаласының Құрметті азаматы Сақ Мәуленқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымды шаралар өтті.
Сақ Мәуленқұловтың есімі Кентаудың өндірістік дамуымен, кен өндірісінің өркендеуімен тығыз байланысты. Ол саналы ғұмырын Кентаудың өндірістік қуатын арттыруға, кен өндірісін дамытуға және ел игілігіне қызмет етуге арнаған білікті маман әрі іскер басшы болды. Оның еңбек жолы кәсібіне адалдықтың, табандылықтың, жауапкершіліктің және елге қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде бағаланады.
Мерейтой аясында қалаға кіреберістегі көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне Сақ Мәуленқұловтың бейнесі бейнеленген мурал көпшілікке таныстырылды. Қаланың көрнекті нысандарының біріне айналған бұл мурал Кентаудың тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында жасалған маңызды бастамалардың бірі болды. Тұлғаның бейнесін қала кеңістігіне енгізу арқылы оның жарқын бейнесін Кентау тұрғындары мен қала қонақтарының жадында сақтау көзделген.
Мерейтойлық шара Сақ Мәуленқұловтың бюстін орнату рәсімімен жалғасты. Өткен жылы ашылған арнайы аллеяға көрнекті кенші, мемлекет және өндіріс қайраткері Сақ Мәуленқұловтың еңселі бюсті орнатылды. Бюсттің бой көтеруі – тұлғаның ел тарихындағы еңбегіне, әсіресе Кентау қаласының қалыптасуы мен кен өндірісінің өркендеуіне қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Бюст орнату рәсіміне қала басшылығы, ардагер кеншілер, зиялы қауым өкілдері, Сақ Мәуленқұловтың замандастары мен ұрпақтары, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Сақ Мәуленқұловтың ел дамуына, әсіресе, Кентау қаласының қалыптасуы мен кен өндірісінің өркендеуіне қосқан айрықша үлесіне тоқталды.
«Сақ Мәуленқұловтың ғибратты ғұмыры – кейінгі буынға үлгі боларлық үлкен мектеп. Ол өз дәуірінде Кентаудың өндірістік қуатын арттыруға, кеншілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қаланың дамуына зор еңбек сіңірді. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – осындай елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі жолын дәріптеп, есімін ұлықтау. Бұл ескерткіш бір адамның ғана емес, Кентаудың өндірістік тарихын жасаған барша кенші қауымына көрсетілген құрмет», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ шара барысында Сақ Мәуленқұловтың замандастары мен әріптестері естеліктерімен бөлісті. Олар көрнекті кенші әрі өндіріс қайраткерінің адамгершілік қасиеті, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті туралы жылы лебіздерін білдірді.
Тағылымды шара еңбек адамының бюстіне гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласты.
Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегі Кентаудың тарихымен сабақтасып жатыр. Оның есімін ұлықтауға арналған мурал мен бюст – көрнекті тұлғаның ғибратты жолын кейінгі ұрпаққа танытып, Кентаудың өндірістік тарихындағы еңбек адамдарының орнын айшықтайтын тағылымды нышандар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
