![]()
Кентау қаласының тұрғыны Нұрғиса Діністан “Қазақстан” ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың өз кәсібін дамытуға мүмкіндік бергенін айтты. Кәсіпкер жергілікті әкімдіктің қолдауымен алдағы уақытта өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Нұрғиса Діністан 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, тігін кәсібін жаңа деңгейге көтерген. Бөлінген қаржыға Қытай Халық Республикасынан заманауи тігін және өндірістік құрал-жабдықтар сатып алынған. Соның нәтижесінде шеберхананың өндірістік мүмкіндігі артып, тапсырыстарды қысқа мерзімде әрі сапалы орындауға жағдай жасалған.
Тігін өндірісі заманауи құрал-жабдықпен қатар, шығармашылық ізденіс пен өнімнің өзіндік ерекшелігін ұштастыратын бағыттардың бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Кентаудағы шағын шеберхананың дамуы жергілікті өндірістің әлеуетін арттырумен бірге, креативті кәсіпкерлікке де мүмкіндік қалыптастырып отыр.
Бүгінде кәсіпкердің шеберханасында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс көлемін ұлғайту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсібін одан әрі кеңейту жоспарда бар.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау өндірісті жаңғыртып, қажетті құрал-жабдықтарды алуға және тапсырыстарды сапалы орындауға мүмкіндік берген. Ал жергілікті деңгейдегі қолдау алдағы уақытта кәсіпті кеңейтуге жол ашып отыр.
Мұндай жобалар Кентауда шағын кәсіпкерлікті дамытумен қатар, еңбек пен шығармашылықты ұштастыратын жаңа өндірістік бастамалардың қалыптасуына ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
