Шымкент қаласының әкімі бақылау мен жауапкершілікті күшейтуді тапсырды

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте тұрғындармен кездесулердің нәтижесі, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Үшінші тоқсанда қала басшысы мен басқарма жетекшілері тұрғындармен 20 көшпелі кездесу өткізіп, 2 мыңға жуық азаматтың өтініш-тілегін тыңдаған. Нәтижесінде 898 өтініш тіркелді. Ал 2023–2026 жылдары өткен кездесулерде 5 600 өтініш түсіп, оның 4 315-і немесе 77,1 пайызы орындалған. Қалған 1 285 өтініш бойынша жұмыстар жалғасуда. Әкім жауапты басшыларға тұрғындардың әрбір өтінішін назарда ұстап, мәселелерді созбалаңға салмай шешуді тапсырды.

Қаладағы көлік саны 560 мыңнан асса, оның 40 915-і – жүк көлігі. Жыл басынан бері 7,1 мың ауыр жүк көлігі тексеріліп, 2 871 әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұл көлемі 300,5 миллион теңгеден асты. Үш автоматтандырылған өлшеу бекеті 1 800-ден астам заңбұзушылықты анықтап, 1 245 нұсқама берілген, 207 миллион теңге айыппұл салынған. Жыл соңына дейін тағы алты бекет орнату жоспарланған.

Қала аумағындағы 14 карьерде 613 жүк көлігі тексеріліп, 411 хаттама толтырылған. Айыппұл сомасы 30,7 миллион теңгені құрады. Ғабит Сыздықбеков карьерлерде жүк көліктерінің салмағын өлшейтін жабдық орнатуды және ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік бойынша да бірқатар заңбұзушылық анықталған. Сегіз айда 2 117 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 210 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 9,4 миллион теңге айыппұл салынған. Ветеринариялық құжаттары жоқ немесе тасымалдауға шектеу қойылған 12 510 дана тауық жұмыртқасы мен 15,7 келі шұжық жойылып, 324 мың теңге айыппұл салынған. Заңсыз мал союға қатысты 14 хаттама толтырылып, 692 мың теңге айыппұл өндірілген. Жалпы, ветеринариялық ахуал тұрақты деп бағаланды.

Мәжіліс қорытындысында қала әкімі тұрғындар өтініштерінің орындалуын, ауыр жүк көліктері мен карьерлердегі талаптардың сақталуын және ветеринариялық бақылауды күшейтуді міндеттеді. Жауапты басқармалар қабылданған шаралардың нәтижесін нақты көрсетіп, қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық беруі тиіс.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You