Шымкент қаласының әкімі халықаралық байланыстарды кеңейту мен эпидемиологиялық ахуалды бақылауды тапсырды

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте сыртқы байланыстарды нығайту, туризм мен креативті индустрияны дамыту, сондай-ақ қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау мәселелері қаралды. Жиында жауапты басқарма басшылары атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың мәліметінше, жыл басынан бері Шымкентке 14 мемлекеттің елшілері мен бас консулдары жұмыс сапарымен келген. Сонымен қатар шетелдің төрт қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнату жөнінде келісімдерге қол жеткізілген. Олар – Пәкістанның Фейсалабад, Грузияның Кутаиси, Венгрияның Дебрецен және Ресейдің Пермь қалалары.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында мегаполисте Қырғызстан, Франция және Бельгияның құрметті консулдықтары ашылған. Алдағы уақытта Италия мен Латвия консулдықтарын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Францияның Қазақстандағы Елшілігімен қол қойылған Жол картасына сәйкес, Шенген визасын рәсімдеуге қажетті құжаттарды қабылдайтын толыққанды визалық қызметті іске қосу көзделген.

Қаланың туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту мақсатында 11 елден туризм саласының өкілдері мен блогерлер шақырылған. Кездесулер нәтижесінде жергілікті туристік компаниялармен 17 келісімге қол қойылды. Ал қараша айында жеті елдің туроператорлары мен тревел-блогерлеріне арналған ақпараттық тур өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар Шымкенттің туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытып, шетелдік саяхатшылар ағынын арттыруға бағытталған.

Креативті индустрия саласында да бірқатар нәтижеге қол жеткізілген. Қалада осы бағытта 2 430 субъект тіркелген. “Shymkent Creative Hub” орталығында 36 резидент жұмыс істейді. Бүгінге дейін 227 іс-шара мен 79 жәрмеңке ұйымдастырылып, олардың аясында 5 200-ден астам бұйым сатылымға шығарылған.

Саладағы маңызды жобалардың қатарында «Сақ» студиясы түсірген екі толықметражды анимациялық фильмнің жарық көруі, 20 ел дизайнерлерінің қатысуымен өткен халықаралық сән көрсетілімі және “Creative Aimaq” жобасы аясында Астанада Шымкенттің креативті индустрия күндерінің ұйымдастырылуы бар.

Жиында денсаулық сақтау саласындағы ахуал да назардан тыс қалмады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбековтің айтуынша, Шымкентте жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) алдын алу шаралары жалғасуда. Медициналық ұйымдар науқастарға қажетті көмек көрсетуге дайын.

Қазан айының басынан бері қалаға «Гриппол Плюс» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілген. 13 қарашадағы мәлімет бойынша 142,5 мың адам екпе алып, вакцинация жоспары 95 пайызға орындалған. Сонымен қатар ЖРВИ жұқтырғандар санының төмендегені байқалады.

Науқастарды емдеу үшін қосымша 676 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Қаладағы 58 емханада мобильді бригадалар мен сүзгі кабинеттері жұмыс істейді. Медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Жалпы, қаладағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда.

Кеңес қорытындысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты басшыларға халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді, қаланың туристік әлеуетін ілгерілету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ маусымдық аурулардың алдын алу бағытында қосымша шаралар қабылдап, тұрғындардың денсаулығын қорғау жұмыстарын жүйелі жүргізуді міндеттеді.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You