![]()
Шымкентте ұзындығы 50 шақырым болатын жаңа айналма автомобиль жолының құрылысы басталды. Ірі инфрақұрылымдық жобаның іргетасын қалау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Төрт жолақты магистраль Алматы–Ташкент бағыты бойынша өтетін халықаралық және республикалық транзиттік көлік ағынын қала аумағынан тыс бағыттауға мүмкіндік береді. Жаңа жол Алматыдан қалаға кіретін бағытты Алматы–Термез тасжолы арқылы Солтүстік айналма жолмен және Ташкент бағытына шығатын жолмен байланыстырады.
Жобаның негізгі мақсаты – қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайту, жүк көліктерінің орталық аумақтармен қозғалысын төмендету және жол қауіпсіздігін арттыру. Сонымен қатар магистраль қаланың көлік-логистикалық жүйесін жетілдіріп, халықаралық транзиттік бағыттармен байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Жоба аясында интеллектуалды көлік жүйелері мен қажетті инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 500-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланса, жол пайдалануға берілгеннен кейін оған қызмет көрсетуге шамамен 100 маман тартылады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің маңызды көлік торабы ретіндегі орнын атап өтіп, жаңа магистральдың өңірдің экономикалық дамуы үшін маңызына тоқталды.
«Президент еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға және транзиттік әлеуетін арттыруға баса назар аударады. Шымкент үшін бұл жоба айрықша маңызды. Ол жолдарға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, іргелес аумақтардың дамуына да мүмкіндік береді. Бұл жерлерде өндірістік, логистикалық, сауда және сервистік нысандар орналастырылуы мүмкін», – деді қала әкімі.
Жаңа айналма жолдың салынуы көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырумен қатар, магистраль бойындағы аумақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады. Сондай-ақ Түркістан облысындағы туристік бағыттарға, оның ішінде таулы аймақтарға қатынауды жеңілдетіп, өңіраралық туризмнің дамуына ықпал етеді. Жоба іске асқаннан кейін Шымкенттің транзиттік мүмкіндіктері кеңейіп, жүк тасымалының тиімділігі артады. Бұл қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және экономикалық байланыстарды дамытуға қосымша серпін бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
