![]()
Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Тіленшин көшесіндегі теміржол үстінен өтетін жаңа автокөлік өткелі техникалық тұрғыда іске қосылып, көлік қозғалысы ашылды. Нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қолға алынған жоба қаланың аудандары арасындағы көлік байланысын нығайтуға, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Тіленшин және Момынов көшелеріндегі өткелдердің негізгі құрылысы өткен жылы басталған болатын.
Жаңа нысанның маңызы теміржолдағы пойыз қозғалысының жоғары қарқындылығына байланысты арта түседі. Бұл учаскеден тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Бұған дейін пойыздардың жүруіне байланысты теміржол өткелі 10–20 минутқа жабылып, көлік кептелісі пайда болатын. Соның салдарынан жүргізушілердің жолға кететін уақыты ұзарған.
Енді автокөлік пен теміржол қозғалысы бір-бірінен бөлініп, көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз жүруіне мүмкіндік туды. Бұл өзгеріс іргелес көшелердегі қозғалыс жағдайын жақсартып, жақын маңдағы тұрғын алаптар арасындағы қатынасты жеңілдетуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Тіленшин көшесіндегі өткел – биыл пайдалануға берілген екінші осындай нысан. Қаңтар айында Момынов көшесіндегі автокөлік өткелі ашылған болатын. Екі жоба да теміржол мен автомобиль жолдарының қиылысындағы қозғалысты реттеп, көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары Шымкенттің өсу қарқынына сай жүргізіліп, тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруі керектігін атап өтті.
Жаңа өткелдің айналасындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасады. Нысанның іске қосылуы жол жүру уақытын қысқартып қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және қаладағы жол желісінің өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
