Экожүйе: Шымкенттің ауа сапасы экологиялық бақылауды күшейтуді қажет еді

Loading

Шымкенттің өндірістік және көлік инфрақұрылымы кеңейген сайын қоршаған ортаға түсетін салмақ та артып келеді. Өнеркәсіптің дамуы, автокөлік санының көбеюі және тұрғындардың жағымсыз иістерге қатысты шағымдары қаладағы экологиялық ахуалды жүйелі бағалап, нақты шешімдер қабылдаудың маңызын көрсетеді. Бұл мәселелер қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Жиында атмосфералық ауаның сапасы, кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері, көліктен бөлінетін зиянды заттар және экологиялық заңнама талаптарының орындалуы талқыланды. Оған аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың өкілдері, қоғамдық белсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өнеркәсіп пен көлікке түсетін жауапкершілік

Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтың мәліметінше, қалада қоршаған ортаға әсер ету деңгейіне қарай I санатқа жататын 43 кәсіпорын, II санаттағы 146, III санаттағы 477 және IV санаттағы 368 кәсіпорын бар. Мұндай өндірістік нысандардың саны экологиялық талаптардың сақталуын тұрақты бақылаудың қажеттігін аңғартады.

Мәселен, 2023–2026 жылдар аралығында стационарлық көздерден шығатын ластаушы заттардың көлемі 31,6 мың тоннадан 47,08 мың тоннаға дейін өскен. Бұл өсімге өнеркәсіптің дамуы, жаңа индустриялық аймақтардың пайда болуы және көлік санының артуы әсер етіп отыр. Демек, қаланың экономикалық дамуымен қатар, оның экологиялық салдарын төмендетуге бағытталған шаралар да күшейтілуі тиіс.

Қазіргі таңда Шымкентте 438 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Оның 152 мыңнан астамы 20 жылдан бері пайдаланылып келеді. Ескі көліктердің техникалық жағдайы мен шығарындыларына бақылау жасау ауа сапасын жақсартудың маңызды бағыттарының бірі саналады. Осы мақсатта Экология департаменті полиция органдарымен бірлесіп, автокөліктерден бөлінетін зиянды заттарды тексеру рейдтерін жүргізуде. Қала әкімі бұл жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Заң бұзушылықтарға бақылау күшейеді

Экологиялық талаптарды сақтамаған кәсіпорындарға қатысты әкімшілік шаралар да қолданылып келеді. Биыл Экология департаменті өнеркәсіптік нысандарға 37 тексеру жүргізіп, 37 нұсқама берген және 64 әкімшілік іс қозғаған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 505,921 миллион теңгеге жетіп, оның 281,1 миллион теңгесі мемлекет кірісіне өндірілген. Ауыр сипаттағы заң бұзушылықтар бойынша материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен бірқатар кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылған.

Алайда экологиялық бақылаудың тиімділігі тек тексерулер мен айыппұлдар санымен өлшенбейді. Оның басты нәтижесі – ластаушы заттардың көлемін азайту, заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу және тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру ортасын қорғау. Сондықтан анықталған кемшіліктердің жойылуын қадағалау мен алдын алу шараларының жүйелі жүргізілуі ерекше маңызға ие.

Жағымсыз иістердің нақты көзі анықталуы тиіс

Кеңесте тұрғындардың кешкі және түнгі уақытта жағымсыз иістерге қатысты шағымдарына ерекше назар аударылды. Мұндай шағымдар «Оңтүстік», «Ордабасы» индустриялық аймақтарына іргелес аумақтардан және «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС орналасқан аумаққа қатысты айтылған.

Шағымдардың себептерін анықтау үшін Экология департаментінің мамандары Ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп, бір ай бойы атмосфералық ауаға өлшеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде жекелеген ластаушы заттардың мөлшері белгіленген нормативтерден асқан жағдайлар анықталған. Осыған байланысты қала әкімі ауа құрамын, оның ішінде кешкі және түнгі уақытта да бақылауды жалғастырып, жағымсыз иістердің нақты көздері мен себептерін анықтауды тапсырды.

Бұл жерде мәселенің тек шағымдарды тіркеумен шектелмеуі маңызды. Өлшеу нәтижелері ластану көздерін анықтауға, кәсіпорындардың жауапкершілігін бағалауға және қажетті шараларды белгілеуге негіз болуы керек. Ал тұрғындар үшін жүргізілген зерттеулердің нәтижесі мен қабылданған шаралар туралы ашық ақпараттың қолжетімді болуы қоғамдық сенімді нығайтады.

Мониторинг желісі кеңейтіледі

Қазіргі уақытта қаладағы ауа сапасын «Қазгидромет» РМК-ның алты бақылау бекеті қадағалайды. Оның төртеуінде сынамалар қолмен алынса, екеуі автоматтандырылған режимде жұмыс істейді. 2025 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша Шымкенттегі атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған.

Халық саны мен өнеркәсіп көлемінің өсуін ескере отырып, қала әкімі «Қазгидромет» РМК-мен бірлесіп, бақылау бекеттерінің орналасуын қайта қарауды және олардың санын 15–20-ға дейін арттыру мүмкіндігін зерделеуді тапсырды. Қосымша бекеттерді ең алдымен халық тығыз орналасқан және экологиялық тәуекелі жоғары аумақтарда орналастыру ұсынылды.

Қазір қаладағы төрт ірі кәсіпорында экологиялық көрсеткіштерді онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Сонымен бірге индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауын бақылауды күшейтіп, Экология департаментімен тұрақты өзара іс-қимыл жасау міндеттелді.

Кеңес қорытындысы бойынша кәсіпорындарды кешенді тексеру үшін мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық белсенділер мен қала тұрғындары қатысатын экологиялық комиссия құрылады. Комиссияға тиісті нысандарға тәулік бойы кіру мүмкіндігін беру көзделген. Бұдан бөлек, ауа сапасын бақылау желісін кеңейту және санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз ету міндеттері белгіленді.

Шымкент үшін экологиялық ахуалды жақсарту – тек табиғатты қорғау саласының емес, қаланың тұрақты дамуының да маңызды шарты. Өнеркәсіп пен көлік жүйесінің дамуы тұрғындардың өмір сапасына кері әсер етпеуі үшін бақылау нақты деректерге сүйеніп, ал заң талаптарының орындалуы жүйелі қадағалануы қажет. Ал қолға алынған шаралардың нәтижесі ауа сапасының жақсаруымен, ластаушы заттар көлемінің азаюымен және тұрғындар шағымдарының шешілуімен бағалануға тиіс.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You