Экожүйе: Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясына түрлі ұжымдар атсалысып жатыр

Loading

Шымкентте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғауға, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Бұл бастамаға дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлері мен мешіт жамағаттары белсенді қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосуда.

Тұран ауданында ұйымдастырылған тазалық шарасына қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелердің ұжымдары қатысты. Спорт мектептері, спорт кешендері мен дене шынықтыру ұйымдарының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды қоқыстан тазартып, спорт нысандарының айналасын ретке келтірді. Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Мұндай бастамалар спорт саласы өкілдерінің салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетуіне мүмкіндік береді. Тазалықты сақтау мен қаланың көркеюіне үлес қосу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Экологиялық акцияға діни қауымдастық өкілдері де атсалысуда. Қаланың Абай ауданындағы «Kenesary Han» мешітінің аумағында ұйымдастырылған шара барысында мешіт жамағаты ғибадатхана маңы мен оған іргелес жерлерді қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын атқарды.

Абай ауданының бас имамы Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, мешіт аумағында тазалық сақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Оның сөзінше, тазалық ұғымы тек көше мен ауланың ретімен шектелмейді. Ол адамның ішкі мәдениетінен, жүріс-тұрысынан және айналасына деген құрметінен көрінуі керек.

– Тазалықты тек көше мен ауланың тазалығымен шектеуге болмайды. Негізгі мақсатымыз – тілдің таза болуы, жүректің таза болуы, бір-бірімізге мейірім мен шапағат таныту. Әркім өз ауласын, жүрген жолын таза ұстаса екен дейміз. Көлік жүргізушілерінен де темекі тұқылын жолға тастамауды сұраймыз, – деді ол.

Ал Ынтымақ шағынауданындағы «Темірші Ата» мешітінде сенбілік өткізу игі дәстүрге айналған. Мұнда мешіт жамағаты мен қызметкерлері аптасына бір рет бас қосып, ғибадатхана аумағы мен оған іргелес жерлерді тазалайды. Кезекті сенбілікке бесін намазынан кейін жиырмаға жуық адам қатысып, жиналған қоқыстарды шығарып, айналаны ретке келтірді.

Тазалық шарасына қатысқан қала тұрғыны Нұрмахан Тұрмаханов та қоршаған ортаны күтіп ұстауға тұрғындардың барлығы жауапкершілікпен қарауы қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, қаланың шеткі аумақтары мен қоғамдық орындардың тазалығына да ерекше көңіл бөлген жөн.

«Таза Қазақстан» акциясының маңызы – белгілі бір аумақты тазартумен ғана шектелмей, қоғамда ортақ жауапкершілік пен табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру. Ал мұндай игі істер тұрақты жалғасын тауып, күнделікті дағдыға айналғанда, Шымкенттің таза әрі жайлы қала ретіндегі келбеті де жақсара түспек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You