Кентауда инклюзивті театр өнері көрерменге ерекше әсер сыйлады

Loading

Кентау қаласында «Мейірім керуені» әлеуметтік жобасы аясында «Дара Ұрпақ» инклюзивті театрының шығармашылық қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясындағы бұл гастрольдік сапар театр ұжымының алғашқы шығармашылық туры ретінде бастау алды.

Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында өткен мәдени іс-шарада ерекше қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен әзірленген «Жарық» атты мюзикл сахналанды. Жас өнерпаздар өздерінің сахналық шеберлігі мен шығармашылық қабілеттерін танытып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Қойылым барысында орындалған «Арманнан қалма», «Лапылда», «Ертеңіме сенемін» атты жігерлі әндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Шығармашылық кештің ашылуында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жобаға қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, театр ұжымының еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ «Дара Ұрпақ» қоғамдық қорының директоры, әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Халдарбекқызы мен Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ербол Көкенов инклюзивті қоғам қалыптастыру, жас таланттарды қолдау және әр баланың шығармашылық мүмкіндігін дамыту жөніндегі ойларын ортаға салды.

«Дара Ұрпақ» театрының қойылымы – өнердің шекарасы болмайтынын, талант пен талаптың кез келген кедергіден биік тұратынын көрсететін тағылымды бастама. Театр әртістері сахна арқылы адам бойындағы қайсарлықты, өмірге деген құштарлықты, арманға ұмтылыс пен рухани күшті бейнеледі. Мұндай шығармашылық орта ерекше қажеттіліктері бар балалардың өз қабілетін танытуына, көпшілікпен еркін араласуына және қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Инклюзивті театр өнерін дамыту – мәдени кеңістікте әр адамға тең мүмкіндік қалыптастырудың маңызды тетігі. Осындай жобалар арқылы балалардың шығармашылық әлеуеті ашылып қана қоймай, қоғамда мейірімділік, өзара құрмет пен түсіністік құндылықтары да нығая түседі.

«Мейірім керуені» жобасы аясындағы гастрольдік сапардың Кентаудан басталуы қаладағы мәдени өмірге тың серпін беріп, ерекше балалар өнерін көпшілікке кеңінен танытуға жол ашты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You