Сауран ауданының жастары спорт арқылы “Заң мен тәртіп” қағидатын насихаттады

Loading

Сауран ауданының орталығындағы спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттауға және Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылғанына 35 жыл толуына орай спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Тағылымды шара жастардың спортқа қызығушылығын арттырумен қатар, қоғамда заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау және салауатты өмір салтын ұстану құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімдігі аппаратының басшысы Бекзат Сейдуллаұлы мен аудан прокурорының орынбасары Ержан Жұмағалиұлы қатысты. Олар қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ мұндай бастамалардың жастардың белсенділігін арттырып, олардың бойында жауапкершілік, тәртіп пен өзара құрмет секілді қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Жарысқа қатысқан ауданның жас спортшылары түрлі спорттық сайыстарда өзара бақ сынап, физикалық дайындығы мен шеберліктерін көрсетті. Командалық бәсекеде қатысушылардың ұйымшылдығы, өзара қолдауы және ортақ мақсатқа жұмыла білуі де сынға түсті. Спорттық дода жастарға өз мүмкіндіктерін байқатып қана қоймай, достық қарым-қатынас орнатуға және салауатты бәсекелестік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, жас буын арасында салауатты өмір салтын орнықтыру, заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпті нығайту. «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмей, әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуін, белгіленген талаптарды құрметтеуін және ортақ тәртіпті сақтауға үлес қосуын көздейді. Ал спорт осы құндылықтарды күнделікті өмірде қалыптастыруға ықпал ететін маңызды тәрбие құралы саналады.

Сауран ауданында ұйымдастырылған бұл жарыс прокуратура органдарының 35 жылдық мерейтойы аясында құқықтық мәдениет пен спорттық белсенділікті ұштастырған шаралардың бірі болды. Мұндай кездесулер жасөспірімдер мен жастарды бос уақытын тиімді өткізуге, дене шынықтырумен тұрақты айналысуға және қоғам өміріне белсенді араласуға ынталандырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You