Шымкентте ардагерлер арасында дәстүрлі спорттық турнир өтті

Loading

Шымкентте Халықаралық қарттар күніне орай қаланың бес ауданының ардагерлері бас қосқан дәстүрлі спорттық турнир ұйымдастырылды. Сегізінші рет өткізіліп отырған жарысқа 60 адам қатысып, аға буын өкілдері спорттың бірнеше түрінен өзара бақ сынады.

Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, қалалық ардагерлер кеңесінің қоғамдық өмірдегі белсенділігін атап өтті. Сондай-ақ аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың тәжірибесі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды екенін жеткізді.

Шын мәнінде, қала ардагерлері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың, бірлік пен өзара қолдаудың үлгісін көрсетіп келеді. Еліміз бен қаламыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан аға буын өкілдері бүгінде де қоғамдық бастамалардан шет қалмай, түрлі мәдени және спорттық іс-шараларға тұрақты қатысуда.

Биылғы турнир бағдарламасына бильярд, үстел теннисі, шахмат, дойбы және волейбол сынды спорттың бес түрі енгізілген. Қатысушылар алдымен өз аудандарында іріктеу кезеңінен өтіп, үздік нәтиже көрсеткендері қалалық финалдық сайыста кездесті. Жарыстарды жоғары деңгейде өткізу үшін арнайы спорт залдары әзірленді. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға медальдар, кубоктар және грамоталар табысталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің негізгі мақсаты жүлделі орындарды саралау ғана емес. Ең бастысы – ардагерлердің дене белсенділігін арттыру, спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру және олардың өзара қарым-қатынасын нығайту.

– Біздің мақсатымыз – ардагерлер арасында спортпен тұрақты шұғылдануды насихаттау, олардың белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайту. Ең бастысы – жарыстың нәтижесі емес, спортқа деген қызығушылық. Біз аға буын өкілдерінің көбірек қозғалып, жиі жүздесіп, қала өміріне белсенді араласа бергенін қалаймыз, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев.

Оның айтуынша, осындай спорттық кездесулер Шымкентте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Сегіз жыл ішінде турнир әртүрлі ауданда тұратын, ортақ қызығушылықтары мен мақсаттары тоғысқан ардагерлерді біріктіретін маңызды қоғамдық шараға айналған.

Ардагерлердің қайрат-жігері, өмірге деген құлшынысы мен қоғамдық белсенділігі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Мұндай бастамалар аға буынның денсаулығын нығайтумен қатар, ұрпақтар сабақтастығын бекемдеп, қоғамда өзара сыйластық пен салауатты өмір салты құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You