Сауран ауданы: Оранғайдағы кондитерлік цех жылына 40 мың дана өнім шығаруға қауқарлы

Loading

Сауран ауданының Оранғай ауылдық округінде кәсіпкерлікті дамыту және жергілікті өндіріс көлемін арттыру бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – жеке кәсіпкер Мұратжан Әметовтің бастамасымен ашылған кондитерлік өнімдер өндіретін цех. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауылдық округке жұмыс сапары барысында өндіріс орнына барып, кәсіпорынның жұмысымен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.

Жобаның жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 40 мың дана кондитерлік өнім шығаруға есептелген. Қазіргі таңда мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауылдық жерде жаңа өндіріс орнын қалыптастырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты еңбек мүмкіндігін ұсынып отырған кәсіпкерлік бастама.

Цехта торттар мен түрлі кондитерлік өнімдер дайындалады. Өндіріс барысында өнімдерді әзірлеу, пісіру және безендіру жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімі кәсіпорынды аралау кезінде өндірістік үдерістің ұйымдастырылуымен танысып, дайын өнім түрлерін көрді. Кәсіпкерлік нысанның жұмысы ауылдық аумақта өндірістік қызметті жолға қоюға және жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, мұндай өндіріс орындарының ауылдық округтерде ашылуы аудан экономикасының әртараптануына ықпал етеді. Бір жағынан, жеке инвестиция есебінен жаңа кәсіпорын іске қосылса, екінші жағынан, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Оранғайдағы кондитерлік цех та осы тұрғыдан ауыл кәсіпкерлігінің әлеуетін көрсететін жобалардың бірі саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You