![]()
Кентау қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттары мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының маңызын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Басқосу барысында ел дамуының басым міндеттерімен қатар, туған өлкенің табиғи байлығын сақтау, тарихи-мәдени мұраға құрметпен қарау және қоғамда экологиялық жауапкершілік қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынды Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы жүргізді. Кездесуге облыстық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің доценті, PhD докторы Ермек Төленұлы Бекбосынов, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Құрмет Балқыбекұлы Керімбеков, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері Ғани Назарбек, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, ауыл әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары және қызметкерлер қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттары, жаңа тарихи кезеңдегі міндеттер, қоғамдық-саяси жаңғыру, экономикалық өсім, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері сөз болды. Спикерлер Президент бастамаларының ел болашағы үшін маңызын түсіндіріп, оларды жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен қатар, әрбір азаматтың белсенділігі мен ортақ іске жауапкершілікпен қарауы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесуде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына ерекше назар аударылды. Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды абаттандыру, жасыл желектерді көбейту және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәселелері қозғалды. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері Ғани Назарбек табиғи аумақтарды қорғау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызын түсіндіруге мүмкіндік алды. Бұл ретте табиғатқа жанашырлықпен қарау тек тазалық акцияларына қатысумен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы қажеттігіне назар аударылды.
Кентау үшін экологиялық мәдениетті қалыптастырудың мәні зор. Қала мен оған қарасты елді мекендердің тазалығы, табиғи аумақтардың сақталуы, көгалдандыру жұмыстары және қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе, өскелең ұрпаққа туған жердің табиғатын аялауды үйрету, тарихи орындар мен мәдени нысандарды күтіп ұстауға баулу – ортақ міндет. Өйткені өлке тарихына құрмет пен қоршаған ортаға жанашырлық бір-бірімен сабақтас құндылықтар саналады.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстардың мәдениет, өлкетану және ішкі туризмді дамыту ісімен де өзара байланысы бар. Тарихи орындардың тазалығы мен айналасының көріктілігі туристер үшін қолайлы орта қалыптастырып, өңірдің танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Ал тарихи-мәдени мұраларды сақтау, олар туралы ақпаратты кеңінен тарату және жас ұрпақтың туған өлке тарихына қызығушылығын ояту жергілікті мәдениеттің дамуына серпін береді. Бұл бағытта қоғамдық ұйымдар, білім беру және мәдениет мекемелері мен тұрғындардың бірлескен жұмысы маңызды.
Кездесу барысында қатысушыларға Мемлекет басшысының бастамалары мен жалпыұлттық жобаның мәні түсіндіріліп, тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырды. Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары мемлекеттік бастамалардың мазмұнын көпшілікке жеткізіп қана қоймай, қоғамда табиғатты қорғау, тарихи мұраны қадірлеу және ортақ құндылықтарға жауапкершілікпен қарау мәдениетін орнықтыруға бағытталған. Туған жердің көркеюі әр азаматтың күнделікті ісінен басталатыны да осы кездесудің негізгі ойларының бірі болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
