Сауран ауданында жастардың құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігі талқыланды

Loading

Сауран ауданында өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайту бағытында «Жастар – заң мен тәртіптің тірегі» атты аудандық форум өтті. Тағылымды шара №5 «Келешек» мектебінде ұйымдастырылып, оған құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, ардагерлер, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық білімін жетілдірумен қатар, олардың бойында заңға бағыну, қоғамдық тәртіпті сақтау, өз әрекетіне жауап беру және азаматтық ұстанымды берік қалыптастыру. Өйткені заң үстемдігі орныққан қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, ең алдымен, әр азаматтың құқықтық мәдениетіне және ортақ жауапкершілікті сезінуіне байланысты.

Жиынды Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып, жүргізді. Басқосуға аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Түймебаев, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Құрметті ардагері Бақытжан Бейсембаев, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.

Форум барысында Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғам өміріндегі маңызына басымдық берілді. Қатысушылар жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілік, қоғамдық орындардағы тәртіп және жасөспірімдер тәрбиесіндегі отбасы мен мектептің рөлі жөнінде ой қозғады.

Әсіресе, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысын тек заң талаптарын түсіндірумен шектемей, жасөспірімдердің бойында дұрыс өмірлік бағдар, адамгершілік қасиет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру арқылы жүргізудің маңыздылығы атап өтілді. Себебі құқықтық сауаттылық – адамның өз құқығын білуімен ғана өлшенбейді. Ол өзгенің құқығын құрметтеуді, қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстауды, қабылдаған шешімінің салдарын түсінуді де қамтиды.

Спикерлер заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін айта келе, жастарды құқықтары мен міндеттерін терең білуге, қандай жағдайда да заң шеңберінен шықпауға, келеңсіз әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар кез келген құқық бұзушылықтың белгілі бір жауапкершілікке әкелетінін түсіну, қиын жағдайда мәселені заңды жолмен шешуге ұмтылу және өзара сыйластық қағидаттарын ұстану қажеттігіне назар аударылды.

Жиында жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың орны да назардан тыс қалмады. Үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, адалдық, ар-ұят, бірлік пен татулық секілді асыл қасиеттер заңға құрметпен қараудың рухани негізі екені айтылды. Ұлттық тәрбие мен құқықтық мәдениет өзара сабақтасқанда ғана қоғамға пайдалы, сөзі мен ісіне жауап бере алатын саналы азамат қалыптасады.

Форумның мазмұнын жастардың өз көзқарасы да толықтырды. А. Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 11 «Ә» сынып оқушысы Айым Таран жастар атынан сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың қоғамдағы орны, азаматтық ұстанымы және ел болашағына қосар үлесі туралы пікірін білдірді. Оның ой-пікірі жастардың қоғамдық өмірге бейжай қарамай, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуының маңызын көрсетті.

Мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Өйткені құқық қорғау органдары өкілдері мен сала мамандарының тікелей түсіндіруі жасөспірімдердің заң талаптарын тереңірек түсінуіне, өзекті мәселелерге қатысты көзқарасын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Ал жастардың пікірін тыңдау олардың азаматтық белсенділігін арттырып, қоғамдағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді.

Іс-шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қатысушыларға арнап концерттік бағдарлама ұсынып, форумның мазмұнын өнермен өрнектеді.

«Жастар – заң мен тәртіптің тірегі» атты аудандық форум жас буынға құқықтық тәртіптің маңызын ұғындырып қана қоймай, ел болашағы үшін жауапкершілік әр азаматтың өзінен басталатынын тағы бір мәрте аңғартты. Заңға құрмет, тәртіпке бағыну және ортақ мүддеге адалдық – қауіпсіз әрі өркениетті қоғам қалыптастырудың басты шарттары. Ал осы құндылықтарды бойына сіңірген саналы ұрпақ – Сауран ауданының ғана емес, тұтас еліміздің жарқын болашағы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You