![]()
Сауран ауданы әкімдігінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. Жиында есірткі өсімдіктерінің заңсыз айналымына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар, дәріханалық нашақорлықтың алдын алу және ауылдық округтерде профилактикалық шараларды күшейту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі – есірткі қылмыстарының алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау маңызды міндеттердің қатарында.
Бұл ретте аудандағы білім беру ұйымдарында нашақорлықтың зияны мен оның зардаптары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оқушыларға есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі түсіндіріліп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде тақырыптық бейнематериалдар жарияланып, қоғамдық орындар мен сауда нысандарында профилактикалық ақпараттық материалдар орналастырылған.
Дәріханалық нашақорлықтың алдын алу да назар аударуды қажет ететін бағыттардың бірі ретінде қаралды. Мұнда заңсыз айналымның жолын кесу, тиісті бақылауды қамтамасыз ету және тұрғындардың хабардарлығын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңызы зор.
Жиын барысында штабтың 2027 жылға арналған іс-шаралар жоспары да қаралды. Жоспарда есірткі қылмыстарының алдын алу, жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру бағыттары қамтылған.
Есірткіге қарсы күресте алдын алу шараларының тұрақты әрі жүйелі жүргізілуі айрықша маңызға ие. Осыған байланысты алдағы кезеңде де Сауран ауданында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылын үйлестіру көзделіп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
