Түркістан шаһары халықаралық әріптестікті нақты жобалармен нығайтуға басымдық беріп отыр

Loading

Түркістан қаласының халықаралық байланыстарын кеңейту, шетелдік инвестиция тарту және озық технологияларды жергілікті инфрақұрылымға енгізу бағытындағы жұмыстар жаңа мазмұнмен толығуда. Әсіресе, Қытай Халық Республикасының Хубэй провинциясымен қалыптасқан әріптестік қала экономикасын дамытуға, заманауи технологиялық шешімдерді игеруге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатын маңызды бағыттардың біріне айналып келеді.

Бұл байланыстың негізі өңіраралық деңгейде қаланған. 2025 жылғы маусымда «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Түркістан облысы мен Қытайдың Хубэй провинциясы арасында достық қатынастар орнату туралы келісімге қол қойылған болатын. Ендігі кезекте бұл әріптестік қалалық деңгейде жалғасын тауып, Түркістан мен Хубэйдің әкімшілік орталығы Ухань арасында тікелей ынтымақтастық орнатуға ұласты.

Атап айтқанда, Ухань қаласында өткен «Әкімдердің дүниежүзілік диалогы – Ухань» және 2026 жылғы бауырлас қалалар ынтымақтастығы жөніндегі халықаралық конференция аясында Түркістан мен Ухань қалалары арасында бауырластық және достық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды. Халықаралық жиынға бес құрлықтағы 22 елдің 24 қаласынан әкімдер мен 80-нен астам ресми өкіл қатысқан. Қазақстан атынан қатысқан Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы басқосу барысында қалалардың орнықты дамуы, халықаралық серіктестікті нығайту және өзара тиімді тәжірибе алмасу мәселелеріне тоқталып, Түркістанның экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды.

Қытайдың орталық бөлігіндегі ірі экономикалық, өндірістік әрі технологиялық орталықтардың бірі саналатын Ухань қаласымен жасалған келісім екі шаһар арасындағы байланыстың жаңа кезеңіне негіз қалады. Құжат сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, білім, инновация, мәдениет және туризм салаларында тәжірибе алмасу бағыттарын қамтиды. Сонымен бірге заманауи қала құрылысы мен қалалық басқару салаларындағы өзара іс-қимылға да мүмкіндік береді.

Меморандумның маңызы – оның тек дипломатиялық сипаттағы құжат болып қалмай, нақты экономикалық және әлеуметтік жобаларға бастау болуына байланысты. Осы мақсатта Түркістан қаласының әкімі бастаған делегация Хубэй провинциясының бірқатар жетекші өндірістік және технологиялық компанияларымен келіссөздер жүргізді. Кездесулерге Қытай мен Түркістан арасындағы іскерлік байланысты дамытуға мүдделі құрылымдар да тартылды. Атап айтқанда, Хубэй провинциясы мен Түркістан облысы арасындағы өзара іс-қимылға жауапты қауымдастық төрағасы Хуан Лисяомен өткен жүздесуде өңіраралық байланысты қалалық деңгейде тереңдету, инвестициялық әріптестікті кеңейту және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері қарастырылды. Қауымдастық құрамына Қытайдың 10 мыңнан астам өндірістік компаниясы кіретінін ескерсек, мұндай іскерлік алаңның Түркістан үшін әлеуеті зор.

Делегацияның жұмыс кездесулерінде сауда, халықаралық логистика, туризм, экология, қалдықтарды басқару, мәдени индустрия және спорт салалары бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды. Мәселен, «Ухань Хоуюй» шекарааралық электронды сауда компаниясы және «Ухань Чанцзян Шанше» сауда компаниясымен импорт пен экспорт көлемін арттыру, өзара сауда байланыстарын жолға қою мәселелері талқыланды. Ал «Хубэй Хуаху әуежайы» халықаралық жеткізу тізбегін басқару компаниясымен логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту жөнінде пікір алмасылды.

Туризм саласында «Хайвай Цзяньци» шетелдік туристік агенттігімен өзара әріптестік орнату перспективалары қарастырылды. Бұл бағыт Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға, шетелдік туристер ағынын арттыруға және екі қала арасындағы туристік алмасуды жандандыруға мүмкіндік береді.

Кездесулердің тағы бір маңызды бағыты экологиялық инфрақұрылыммен байланысты болды. «Ухань Саньчжэнь өнеркәсібі» және «Ухань Хуаньтоу Цяньцзышань» экологиялық индустрия компанияларының өкілдерімен муниципалдық сарқынды суларды тазарту, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және экологиялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі таныстырылды. Бұл мәселелер Түркістан қаласының инфрақұрылымдық дамуы үшін де өзекті. Себебі қала аумағының кеңеюі, тұрғындар санының өсуі және жаңа нысандардың салынуы инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғыртуды, су ресурстарын тиімді пайдалануды және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуды талап етеді.

Осы ретте қытайлық «Ухань Цзиньчанцзян Құрылыс» ЖШС өкілдерімен жүргізілген келіссөздердің де маңызы ерекше. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы компания өкілдерімен кездесіп, қалада кәріз жүйесінен келетін ағынды суларды тазарту станциясын салу және оған инвестиция тарту мүмкіндіктерін талқылады. Тараптар болашақ нысанның қажетті өндірістік қуатын, алдын ала құнын, қаржыландыру көздерін және заманауи су тазарту технологияларын қолдану мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар қала көшелерін жарықтандыру жүйесіне күн энергиясымен жұмыс істейтін технологияларды енгізу мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ.

Кездесу барысында инвесторларға Түркістанның өндірістік әлеуеті мен инфрақұрылымдық даму бағыттары таныстырылып, жауапты сала басшыларына компания өкілдерін қалада жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалармен таныстыру міндеті жүктелді. Өз кезегінде инвесторлар өндірістік алаңдарды аралап, ұсынылған бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерделеуге ниет білдірді. Бұл бағыттағы келіссөздерді жалғастыру үшін жобалардың техникалық және экономикалық негіздерін нақтылау көзделеді.

Бұдан бөлек, мәдени-шығармашылық индустрия мен спорт саласындағы байланыстарды дамытуға да көңіл бөлінді. «Ухань Чжисин Гуаньлань» компаниясымен мәдени индустрия бағытындағы, ал Ухань халықаралық спорт жарыстарын басқару компаниясымен халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі әріптестік мүмкіндіктері қарастырылды. Мұндай байланыстар Түркістанның мәдени және спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, қаланың халықаралық іс-шаралар өткізу орталығы ретіндегі мүмкіндігін кеңейтуге де ықпал етеді.

Жалпы, Түркістан мен Ухань арасындағы серіктестіктің ауқымы бірнеше маңызды саланы қамтып отыр. Бір жағынан, инвестиция тарту мен өндірістік кооперацияны дамытуға жол ашылса, екінші жағынан, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, туризм мен мәдени байланысты жандандыру мүмкіндігі қалыптасуда. Ең бастысы, халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі нақты жобалар мен өзара тиімді бастамалар арқылы көрініс табуы тиіс.

Түркістанның халықаралық аренадағы белсенділігінің артуы оның тарихи және рухани орталық ретіндегі беделін экономикалық әрі инвестициялық әлеуетімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Ал Хубэй провинциясы мен Ухань қаласымен қалыптасқан әріптестік осы мақсатқа жетудің маңызды тетігіне айналмақ. Қаланың болашақ дамуына қажетті технологиялар мен инвестициялық ресурстарды тарту, озық тәжірибелерді игеру және халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту бағытындағы жұмыстардың түпкі нәтижесі де осыған саяды.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You