Шымшаһарда жаяу жүргіншілер өткелін проекциялық жарықтандырудың сынақ жобасы іске қосылды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов фейсбук парақшасында көпшілікпен бөлісті. «Қаламызда жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа осындай жобаны қолға алып жатырмыз. Әзірге тек Сыпырған Ата көшесі мен Әл-Фараби көшесінің қиылысы, Темірлан тас жолындағы «Satti zhol» жанар-жағармай бекетінің маңына пилоттық жоба ретінде орнатылды, — деп жазды Мақсұт Пернебайұлы.
Орынбасардың айтуынша, жаяу жүргіншілерге арналған проекциялық өткел әдеттегі жол белгілеуінен көптеген артықшылықтарға ие. «Мәселен, проекция жаяу жүргіншіні жарықтандырады және оны қараңғыда айқын көрсетеді, автомобиль фараларының жарықтығы мен бағытына байланысты емес, түрлі ауа-райында, жолда қар, шұңқырлар, мұз, батпақтар болған кезде де көрінеді, — дейді ол. Ауа-райын талғамайтын проекциялық жарықтандыру сынақтан сәтті өтсе шаһардың өзге де көшелеріне қойылатын болады.
Мамандар пилоттық жоба қаладағы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының азаюына септігін тигізеді деген ойда. Айта кетейік, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» және «Абайлаңыз, жаяу жүргінші» секілді шараларды ұдайы ұйымдастырып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат