Мемлекет Басшысы өз Жолдауында Ішкі істер министрлігіне «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жедел әрі сапалы қызмет атқару міндетін жүктеген.
Нақтырағы учаскелік полиция инспектордың рөлін арттырып, құқық қорғау орган қызметкерлерін жұртпен ашық байланыс орнатуға шақырған. Сондай-ақ қылмыстың ашылуына учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмысы, іс-әрекетінің нәтижесі әсер етеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыс осы учаскелік полиция инспекторлары арқылы ашылады екен.
Осындай жауапкершілік жүгін арқалап, өзіне бекітілген әкімшілік аумақ бойынша тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қойып, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап жүрген тәртіп сақшысының бірі – полиция майоры Ербол Юсупов. Ол Шымкент қаласы Полиция Департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқарады. 2019 жылы ҚР Ішкі істер Министрі Е.Тұрғынбаевтың бұйрығымен «Үздік учаскелік полиция инспекторы» деп танылып, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» меделі табысталған.
Полиция майоры Ербол Айтбайұлы бүгінде Әл-Фараби ауданы аумағындағы №26 учаскелік полиция пунктінің аға учаскелік полиция инспекторы. Қарамағында төрт инспекторы қызмет атқарады. Дәл осы жауапты қызметке ол арнайы іріктеу арқылы тағайындалды. Себебі, 2019 жылы жасөспірімге қатысты орын алған оқыс оқиғаға байланысты тәжірбиелі маман ретінде Ербол Айтбайұлы таңдалған болатын. Осындай жауапекршілік артылған тәртіп сақшысы үнемі өз іс-әрекеті арқылы нағыз кәсібиліктің үлгісін көрсетіп келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру міндеті құқық қорғау жүйесінен жұмысты бұрынғыдан да ширата түсуді талап етеді. Біз осы мақсатта үш ай сайын халықтың алдында есеп береміз. Халықпен кездесіп, қандай мәселесі барын тыңдап, оны бірлесе шешу жолдарын қарастырамыз. Үш айдың көлемінде қанша қылмыс орын алғанын, оның қаншасы ашылды, қанша адам жауапқа тартылды, қанша адам емдеуге жіберілді деген сұрақтар толық талқыланады», — дейді полиция майоры Ербол Юсупов.
Ербол Айтбайұлы – 2004-2006 жылдар аралығында Б.Момышұлы атындағы заң колледжін тәмамдаған. 2006-2009 жылдары Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін аяқтаған. Бала күнінен ел қорғаны болуды мақсат еткен полицей өз ағасына қарап бой түзеген. Сол қызығушылығының нәтижесінде жауапкершілік жүгі ауыр салада абыройлы еңбек етіп келеді.
Ербол Юсупов жарымен екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп, өсіруде. Бала тәрбиесіне айрықша мән беретін азамат ұл-қызының бойына адалдық қасиетін дарытуға күш салады. Себебі жас ұрпаққа адамгершілік қасиетін сіңіру, алдыңғы буынның басты парызы деп біледі.
Ұлы Абайдың: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деген өсиетті өз өмірімен үйлестіре білген азамат кез-келген жан үшін өмірлік ұстаным маңызды дейді.
«Жалпы адам, тек қана полиция емес, өмірге қалай қараса, өмір саған солай қарайды. Ашумен қарасаң өмірде саған солай қарайды. Сол үшін өмірге күліп қарасаң — өмір де күліп қарайды. Барлық адамның жұмысы алға басады. Ол кез-келген мамандықта. Маған өз жұмысымның қиындығы мен қызығы бірдей. 2006 жылдан бастап 2021 жылға дейін 15 жылдың шамасы. Арнайы бір уақыт арасында шыңдалдып деп айтуға болмайды. Уақыт өткен сайын біз шыңдала береміз. Қазір аға учаскелік инспектор болсам алдағы уақытта өз тәжірбиемді бөлісіп жеке құрамды басқарсам деген мақсатым бар. Барлығымыз генерал болғымыз келеді. Ол үшін көп еңбектену керек», — дейді, үздік полицей.
Осылайша аға учаскелік полиция инспекторы азаматтардың қауіпсіздігіне, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға өз құзіреті шегінде жемісті жұмыс атқара бермек.
«ANYQ.KZ» — ақпарат
Muchas gracias. ?Como puedo iniciar sesion?