Отырар ауданы: Еңбек пен кәсіпті ұштастырған шебер

Loading

Отырар ауданында ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына және өз ісін дамытуына мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау тетіктері жүйелі жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы.

Мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған азаматтардың бірі – Қарғалы ауылының тұрғыны Анарбай Ахметұлы. Ол жоба аясында «Анарбай» жеке кәсіпкерлігін ашып, қолөнер бұйымдарын жасауға қажетті үш ағаш өңдеу станогын сатып алған.

Еңбекті кәсіпке айналдырған шебер бүгінде ағаштан түрлі бұйымдар жасап, ұлттық қолөнерді кәсіби деңгейде дамытып келеді. Әсіресе, қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра жасауды жақсы меңгерген. Ұлттық нақыштағы сапалы бұйымдарға сұраныстың болуы кәсіптің әлеуетін арттыра түскен.

«Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өз ісін жүйелі түрде дамытуға жол ашқан. Бұл – мемлекеттік қолдаудың ауыл тұрғындарын тұрақты кәсіпке тартып, өз еңбегі арқылы табыс табуына мүмкіндік беретінін көрсетеді.

– Сұранысты қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. Өнім көлемін арттырып, ұлттық қолөнерді одан әрі дамытуға ниеттімін, – дейді қолөнер шебері.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – тұрғындардың еңбекпен қамтылуына және табысын арттыруына ықпал ететін маңызды бағыт. Ал ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны табыс көзіне айналдырған Анарбай Ахметұлының кәсібі еңбектің берекесін көрсетіп, ауыл азаматтарына берілетін мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін танытады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You