Кентау: Қарнақтан шыққан қаламгердің әдеби мұрасы екі елге ортақ құндылыққа айналды

Loading

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында Өзбекстанның халық жазушысы, көрнекті прозаик, драматург және қоғам қайраткері Адыл Яқубовтың туғанына 100 жыл толуына арналған әдеби-мәдени іс-шара өтті. Тағылымды жиын туған жерінен түлеп ұшып, есімі тұтас түркі әлеміне танылған қаламгердің шығармашылық мұрасын ұлықтауға, оның өмір жолын кейінгі ұрпаққа кеңінен танытуға арналды. Сондай-ақ шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды нығайтудың жарқын көрінісіне айналды.

Адыл Яқубов – 1926 жылғы 20 қазанда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан өңірінің Қарнақ ауылында дүниеге келген тұлға. Бүгінде Кентау қаласының құрамына кіретін бұл ауыл – көрнекті жазушының кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Қарапайым ауылдан шыққан баланың кейін өзбек әдебиетінің көрнекті өкіліне айналып, Өзбекстанның халық жазушысы атануы – туған жер тарихы үшін де мақтаныш.

Болашақ қаламгердің балалық және жастық шағы күрделі тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. 1944 жылы орта мектепті тәмамдаған ол 1945-1950 жылдары әскери қызмет атқарып, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңіндегі Кеңес-Жапон соғысына қатысты. Соғыстан кейін білімін жалғастырып, 1951-1956 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды. Әдебиетке деген қызығушылығы мен ізденісі осы кезеңде кәсіби шығармашылық жолға ұласты.

Жазушының алғашқы ірі туындысы – «Теңдошлар» («Құрдастар») повесі 1951 жылы жарық көрді. Кейін «Алғашқы қадам», «Екі махаббат», «Мұқаддас», «Бір фельетон хикаясы», «Қанаттар жұп болады», «Матлуба» секілді повестері мен әңгімелер жинақтары оқырманға жол тартты. Оның шығармаларында адам тағдыры, махаббат пен адалдық, ар-ождан, әділеттілік, қоғамдағы қайшылықтар және адамгершілік ұстанымдар кеңінен көрініс тапты.

Адыл Яқубов шығармашылығының басты ерекшеліктерінің бірі – тарихи оқиғаларды адам тағдырымен сабақтастыра отырып, терең психологиялық сипатта бейнелеуі. Ол кейіпкерлерінің ішкі әлемін, мінез-құлқын, өмірлік таңдауы мен рухани арпалысын нанымды суреттей білді. Жазушының туындылары арқылы оқырман белгілі бір дәуірдің тынысын ғана емес, сол кезеңдегі адамдардың ой-санасын, арман-мұратын, қоғам алдындағы жауапкершілігін де таниды.

Қаламгердің есімін кеңінен танытқан шығармаларының бірі – «Ұлықбек қазынасы» тарихи романы. Бұл туындыда XV ғасырда өмір сүрген ұлы астроном, ғалым әрі мемлекет қайраткері Ұлықбектің өмірі мен қызметі, ғылымға деген адалдығы, білім мен надандық арасындағы күрес көркем бейнеленген. Автор тарихи тұлғаның тағдырын суреттеу арқылы ғылымның, ағартушылықтың, адамзаттық ой-сананың маңызын ашады. Роман оқырманды өткен тарихқа үңілдіріп қана қоймай, білім мен парасаттың кез келген дәуірде жоғары құндылық болып қала беретінін ұғындырады.

Жазушының «Көне дүние» романында ортағасырлық Шығыс өркениетінің екі ұлы өкілі – Әбу Райхан әл-Бируни мен Әбу Әли ибн Синаның өмірі мен ғылыми ізденістері, тағдырындағы күрделі кезеңдер баяндалады. Автор олардың әлемдік ғылымның дамуына қосқан үлесін, таным жолындағы табандылығын, заманның саяси және әлеуметтік қайшылықтарымен бетпе-бет келген сәттерін көркемдік тұрғыдан зерделейді. Бұл шығарма арқылы оқырман Орталық Азиядан шыққан ғұламалардың әлемдік өркениеттегі орнын тереңірек түсінеді.

Ал «Дийанат» («Ар-ождан») романында адамдық қасиет, адалдық, әділеттілік пен жауапкершілік мәселелері алдыңғы қатарға шығады. «Аққулар, аппақ аққулар» және «Әділет мекені» шығармаларында да қоғамдағы күрделі әлеуметтік мәселелер, адам мен билік арасындағы қарым-қатынас, ұлттық болмыс пен рухани ізденістер кеңінен қозғалады. «Ер басына күн туса…» романында соғыс жылдарындағы тыл өмірі, халықтың төзімі мен жанқиярлық еңбегі суреттеледі.

Адыл Яқубов проза жанрымен ғана шектелмей, драматургия мен публицистика саласында да жемісті еңбек етті. Оның қаламынан бірқатар пьесалар мен киносценарийлер дүниеге келді. Шығармалары бірнеше тілге аударылып, шетелдік оқырмандарға да жетті. Осылайша ол өзбек әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға үлес қосқан қаламгерлердің қатарынан орын алды.

Жазушылық қызметімен қатар, Адыл Яқубов әдебиет пен мәдениет саласындағы жауапты қызметтерді де атқарды. Өзбекстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Литературная газета» басылымының Өзбекстандағы арнаулы тілшісі, «Өзбекфильм» киностудиясының бас редакторы, Ғафур Ғұлам атындағы Әдебиет және өнер баспасында бас редактордың орынбасары болды. Кейін «Өзбекистон адабиёти ва санъати» газетінің бас редакторы қызметін атқарып, 1987-1991 жылдары Өзбекстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. Сондай-ақ Өзбекстан Министрлер Кабинеті жанындағы Терминология комитетін басқарды, Орталық Азия халықтары мәдениеті ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Қаламгердің әдебиет пен мәдениетті дамыту жолындағы еңбегі жоғары бағаланды. 1985 жылы оған «Өзбекстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді. Ол мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, 1994 жылы «Достық», 1998 жылы «Ел-жұрт құрметі» ордендерімен марапатталды. Жазушы 2009 жылғы 21 желтоқсанда Ташкент қаласында дүниеден өтті. Алайда оның шығармалары мен әдеби мұрасы оқырман жадында сақталып, бүгінгі ұрпаққа рухани азық болып келеді.

Міне, осындай көрнекті тұлғаның туғанына 100 жыл толуына орай Қарнақ ауылында ұйымдастырылған мерейтойлық іс-шараға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы, Өзбекстан Республикасынан арнайы келген делегация өкілдері, зиялы қауым мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен қонақтар Махмұд Қашқари атындағы мектеп пен Шәмет Ишан музейіндегі жазушыға арналған музей бұрыштарын аралап, қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдармен танысты. Бұл экспозициялар туған жерден шыққан тұлғаның өмір жолын жас ұрпаққа таныстырып, оның әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Әсіресе, мектеп қабырғасында жазушының есімі мен шығармашылығына арналған бұрыштың болуы оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға, туған өлке тарихындағы айтулы тұлғаларды тануына мүмкіндік береді.

Бұдан кейін «Достық» үйінде мерейтойға арналған әдеби кеш өтті. Жиын барысында Адыл Яқубовтың шығармашылық жолы, өзбек әдебиетінің дамуына қосқан үлесі, оның туындыларындағы тарихи және адамгершілік тақырыптар сөз болды. Сонымен қатар екі ел арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени байланыстардың маңызына назар аударылды.

Іс-шараға арнайы келген Өзбекстан делегациясының өкілдері мен жазушының ұлы Мәлік Яқубов қаламгер туралы естеліктерімен бөлісті. Әкесі жайлы сыр шерткен Мәлік Яқубов оның шығармашылық болмысы мен өмірлік ұстанымдарына қатысты естеліктер айтып, мерейтойдың туған жері Қарнақта ұйымдастырылуының ерекше мәні бар екенін аңғартты. Қатысушылар үшін бұл кездесу көрнекті қаламгердің әдеби мұрасымен қатар, оның адами болмысын жақынырақ тануға мүмкіндік берген тағылымды жүздесу болды.

Әдеби кеш барысында мәдениет пен әдебиетті дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс білдіріліп, әсем әндер орындалды. Жылы жүздесу мен естеліктерге толы шара халықтар арасындағы достық пен рухани сабақтастықты дәріптеді.

Жалпы, Адыл Яқубовтың 100 жылдық мерейтойын Қарнақ ауылында атап өту – бір ғана қаламгердің шығармашылығын еске алу емес, туған өлкенің тарихын түгендеп, оның әлемдік әдебиетке қосқан үлесін бағамдау. Қарнақтан шыққан жазушының есімі мен шығармаларының Өзбекстанда ғана емес, өзге елдерде де танылуы туған жердің мәдени әлеуетін танытады.

Мұндай әдеби-мәдени басқосулар тарихи тұлғалардың мұрасын ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға, жастардың кітап оқуға және ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге Қарнақ ауылының тарихи-мәдени келбетін танытып, Кентау қаласының рухани құндылықтарын кеңінен насихаттауға жол ашады. Әдебиет арқылы жалғасқан осындай достық байланыстардың маңызы да — осында.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You