![]()
Кентау қаласында белсенділігімен, талантымен және түрлі саладағы жетістіктерімен танылған жастардың басын қосқан «Үздік Jastar премиясы – 2026» салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Кентау қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты – қоғамдық өмірге белсене араласып, қаланың дамуына үлес қосып жүрген жас буын өкілдерінің еңбегін бағалау, олардың бастамаларына қолдау көрсету және шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік жасау.
Салтанатты кешке Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратқызы және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Қарсыбай Нұрғалиқызы арнайы қонақ ретінде қатысты.
Шара барысында жастардың қоғамдағы орны, олардың қабілеті мен бастамаларын қолдаудың маңызы сөз болды. Арайлым Қайратқызы қатысушыларға мотивациялық бағытта ой қозғап, әрбір жасқа алдына нақты мақсат қойып, сол жолда табандылық таныту қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ білімін жетілдіріп, өзіне берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, бүгінгі жастардың ізденісі, білімі мен белсенділігі болашақтағы жетістіктердің негізін қалайды.
Ал Қарсыбай Нұрғалиқызы жастарды қоғамдық өмірге белсенді араласуға, заң талаптарын сақтауға және интернет кеңістігінде сақтық танытуға үндеді. Әсіресе, соңғы уақытта өзекті болып отырған интернет-алаяқтықтан қорғану, жеке мәліметтерді қорғау және күмәнді ұсыныстарға сенбеу мәселелеріне назар аударды.
Кештің мазмұны ресми марапаттау рәсімімен ғана шектелмей, шығармашылық әрі мәдени бағдарламаға ұласты. Қатысушылардың би билеп, өнер көрсетуі мерекелік басқосуға ерекше серпін берді. Әсіресе, Кентау колледжінің «Жайдарман» командасы әзіл мен тапқырлыққа құрылған өнерін ортаға салып, көрермендердің көңілін көтерді. Жастардың сахналық өнері, әзіл-қалжыңы мен шығармашылық ізденісі кештің мазмұнын байыта түсті.
Мұндай мәдени-шығармашылық кездесулер жас таланттардың қабілетін көпшілікке танытуға, олардың өзара тәжірибе алмасуына және өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып, қоғамдық ортада белсенді болуына ықпал етеді. Әсіресе, әзіл-сықақ, сахналық қойылым және би өнері сияқты шығармашылық бағыттар жас буынның өзіндік көзқарасын қалыптастырып, ойын еркін жеткізуіне жол ашады.
Салтанатты кештің қорытынды бөлімінде түрлі салада үздік нәтиже көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, қаланың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жастар марапатталды. Кентау қаласының әкімі Жандос Қалмырзаұлы Тасовтың атынан оларға алғыс хаттар табысталып, арнайы бағалы сыйлықтар берілді. Бұл марапат жас азаматтардың еңбегін бағалап қана қоймай, алдағы уақытта да жаңа бастамаларға ұмтылуына берілген қолдау болды.
«Үздік Jastar премиясы – 2026» жастардың жетістігін дәріптеп, олардың қоғамдық және шығармашылық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Осындай басқосулар арқылы жас буынның өнері мен талантына қолдау көрсетіліп, шығармашылық орта қалыптастыруға мүмкіндік туады. Жастардың бастамашылдығын бағалау, олардың қабілетін дамытуға жағдай жасау және мәдени өмірге кеңінен тарту – қаланың рухани дамуына да серпін беретін маңызды бағыт.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
